|
Иран мемлекеттік насихатқа қыруар қаржы жұмсайды
|
Иранның мемлекеттік хабар таратуға арналған бюджеті 50%-ға артпақ. Елдегі ауыр экономикалық-әлеуметтік ахуалға қарамастан. Бұл жайында islam.kz порталы dw.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аятолла бастаған автократиялық режим өз билігін қалай да сақтап қалу үшін қоғамдық пікірге айла-шарғы жасауға көмектесетін насихат жұмыстарына бәс тігіп отыр. Алдағы жылдың басында, яғни, наурыз айының 21-нен бастап, Иран мемлекеттік телерадиокомпаниясының бюджеті шамамен 50%-ға, яғни, 35 миллион еуроға (36 миллион доллар) дейін ұлғайтылатын болады. Алайда, мұндай шара Иранда әлі шешімін таппаған экономикалық дағдарыс аясында орын алып отыр – «жүгенсіз» кеткен инфляцияның тұрақсыздығынан халық күн сайын, тіпті, сағат санап кедейленуде. Парламенттік зерттеу орталығының есебіне сәйкес үкіметтің жалпы бюджетіндегі Иран Ислам Республикасының радиохабар тарату үлесі он министрліктің бюджеттерін қоса алғанда жоғары болады. Яғни, Ирандағы насихатқа жұмсалатын қаржы он министрлікке бөлінетін қаражаттан да көп деген сөз. Иранда бұқаралық ақпарат құралдарын конституцияға сәйкес мемлекет бақылайды және жекеменшік, яғни, тәуелсіз БАҚ қызметіне рұқсат етілмейді. Иранның күллі хабар тарату жүйесінің басшысын елдің саяси әрі діни көсемі аятолланың өзі тікелей тағайындайды.