Иран хуситтерді қаруландыруды тоқтатады
Иран хуситтерді қаруландыруды тоқтатады
2 жыл бұрын 1050 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Иран мен Саудия таяуда Қытайдың арағайындығымен арадағы араздықты ұмытып, дипломатиялық қатынасты қалпына келтірді. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Wall Street Journal мерзімді басылымына жөн сілтеген golosislama.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Осыған байланысты Саудияның талабы бойынша Иран билігі Йемендегі хуситтерге қару беруді тоқтатады. Ал саудиялықтар өз кезегінде Иранға шабуыл жасағысы келетін кез келген үшінші жаққа өз аумағын пайдалануға бермейтін болып келісті. Бұдан бөлек, Сауд Арабиясы мен Иран бір-бірімен әскери қақтығыстарға бармауға, сондай-ақ, екі елдің мүдделеріне қарсы бағытталған барлау қызметін жүзеге асырмауға келісті. 2014 жылы ел астанасы Сананы Иранмен байланысы бар хусит көтерілісшілері басып алған болатын. Осыған байланысты Саудия бастаған коалициялық күштер 2015 жылы Йемендегі бұл соғысқа аралсуға тура келді.  Содан бері талай жылға созылған соғыстан жүз мыңдаған адам жер жастанып, миллиондаған адам басы ауған жаққа босып кетті. Соңы көрінбей кеткен соғыстан Йемен экономикасы тұралап, мемлекеттілігінен айырылу қаупі қалыңдады. Бұдан бөлек, Йемендегі гуманитарлық дағдарыс тереңдеп, экстремистік және сепаратистік қатер артқан. Ал Саудия мен Иранның татуласуы өз кезегінде бұл майданда түбегейлі болмаса да үлкен өзгеріс әкелетіні белгілі. Таяу Шығыс аймағындағы осынау елеулі қадамнан, ең алдымен, соғыстың аяқталу ықтималдылығы артады. Десе де сарапшылар Саудия мен Иранның арасындағы бұл қатынас майданның барысына елеулі әсер ете алмайтынын алға тартып отыр.

 

0 пікір
Мұрағат