Индонезияның Сумба аралында қыз алып қашуға заңмен тыйым салынбақ
Индонезияның Сумба аралында қыз алып қашуға заңмен тыйым салынбақ
4 жыл бұрын 1994 Абай Сейфулла

Ел билігі тиісті декларацияға қол қойды.

Индонезиялық шенеуніктер Сумба аралында сақталған қыз алып қашу дәстүрін жоюға әрекеттеніп жатыр. Бұл жайында azattyq-ruhy.kz порталы BBC  ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып жазды.

Аймақта қалыптасқан дәстүр айналасындағы шу өткен айда қыз алып қашу оқиғасының видеолары кең тарап кеткеннен кейін ұлттық деңгейге көтерілген.

Алып қашуды бастан өткізген көп қыздың бірі – Читраның баяндауынша,  екі жігіт өздерін  «шенеунікпіз, жобаңызды қаржыландырамыз» деп таныстырып, «іскерлік кездесуге» шақырған. Сөйтіп, бірнеше еркек жабылып, көлікке отырғызып, алып қашқан. Қызды келін қылып түсірмек болған әулет – қыздың әкесінің алыс туыстары.

Анимистердің «Марапу» деп аталатын ежелгі дініне сәйкес, қызды үйге түсірген соң маңдайына «қасиетті» суды тигізеді. Сол ритуалдан кейін шаңырақтан кетіп қалуға болмайды деген түсінік бар. Бірақ Читра бой бермей, бірнеше күн бойы нәр татпаған. Кейін қыздың отбасы әйел құқығын қорғаушылармен бірге ауыл ақсақалдарымен келісіп, қызын алып кеткен. 

Индонезиядағы «Kawin tangkap» деп аталатын қыз алып қашу салты әйелдердің құқығын қорғау ұйымдары тарапынан тыйым салынғанына қарамастан, Сумба аралының тұрғындары арасында сақталып  отыр. Соңғы төрт жылда аралдың алыс аудандарында осындай 7 жағдай тіркеліп, үш қыз босатылған. Бірақ қыз өз үйіне қайтып барса, көбіне қоғам тарапынан кемсітушілікке, масқараға ұшырайды.

Жергілікті тарихшы Франс Вора Хебидің айтуынша, қыз алып қашу – Сумбаның бай дәстүріне жат дүние.

«Оны адамдар тек қызды ешқандай теріс салдарсыз күйеуге шығуға мәжбүрлеу үшін қолданады. Құқық қорғау органдары мен билік тарапынан ешқандай әрекет болмағандықтан, бұл тәжірибе жалғасып жатыр», - дейді ол.

Бүкілхалықтық наразылықтардан соң, Сумба басшылары дәстүрді доғаратын бірлескен декларацияға қол қойды. Аралға Әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту министрі Бинтанг Пуспайога келіп, декларация – үкіметтің қыз алып қашуға тыйым салуына бағытталған ірі іс-шараларының бастамасы деп мәлімдеді.

Айта кетейік, қыз алып қашу салты Қазақстанның да кей өңірлерінде әлі күнге дейін сақталған. 2019 жылы республика бойынша мұндай 210 жағдай тіркелсе, оның 102-і Түркістан облысында болған.

Дегенмен, полицияға арыз берілсе, кінәлілер «Адам ұрлау бабы» бойынша Қылмыстық кодекс бойынша жауапқа тартылып, 12 жылға дейінгі мерзімге сотталады. Мысалы, 2019 жылы қыркүйек айында Жамбыл облысының Қордай облысынан қызды алып қашпақ болған төрт жігіттің әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

0 пікір
Мұрағат