Индонезия президенті АҚШ құрған қаржы құрылымынан бас тартуға шақырды
Индонезия президенті АҚШ құрған қаржы құрылымынан бас тартуға шақырды
10 жыл бұрын 3147

Индонезия президенті Джоко Видодо Біріккен Ұлттар Ұйымы мен халықаралық қаржы институттарын әлемде қалыптасқан экономикалық және саяси теңсіздік үшін сынға алып, айыптай сөйледі. Бұл жайында The Jakarta Globe ақпарат көзі хабар таратты. Ол дамушы елдерді отарлауға қарсы күрескерлерді біріктірген осы елдегі жиынның 60 жылдығына орай Азия мен Африка елдерінің саммитіне қатысып, Жакарта қаласында өткен осынау шараның ашылуы кезінде сөйлеген сөзінде осы алты он жылдықтың ішінде екі құрлықтағы елдердің көбісінің бодандықтан құтылып, тәуелсіздік алғанын тілге тиек етті. «Десе де, біздің күресіміз әлі толық аяқталған жоқ. Теңдікке, әділеттілікке және өркендеуге негізделген әлемдік жаңа тәртіпке әлі қол жеткізгеніміз жоқ»,- деді ол сөзіне екпін бере сөйлеп. Сондай-ақ, ол әлем елдерінің тек жиырма пайызы ғана молшылық пен тоқшылықта өмір сүріп жатқанын, ал қалған елдердің, әсіресе, Азия мен Африка елдерінің кедейшілік қамытынан құтылу үшін жанталасып жатқанын сөз етті. «Біздер, Азия және Африка елдері, бірінші кезекте барлық халыққа әділ қарайтын халықаралық органға айналдыру үшін Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалауды талап етеміз. Өйткені, жаһандық теңсіздік (дисбаланс) қатерлі сипат алып барады»,- депі мәлімдеді ол. Оның айтуынша, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін «Бреттон-вудтық» мекеме құрған «көнерген идеяны» күресінге тастап, экономикалық державаларға мүмкіндік беретін жаңа тәртіп керек. «Ғаламдық экономикалық мәселелерді тек Бүкіл әлімдік банк, Халықаралық валюта қоры және Азия даму банкі секілді санаулы қаржы ұйымдары ғана шешеді деген жаңсақ ұғым әлдеқашан ескірген»,- деді ол сөзін жалғастырып. Сөз реті келгенде айта кетейік, Халықаралық валюта қоры мен Бүкіл әлімдік банк «Бреттон-вудтық» жаһандық қаржы тәртібін белгілейтін ұйымдарды АҚШ пен Еуропа құрған болатын. 

0 пікір
Мұрағат