Индонезия жаңа астанасының құрылысына тағы бірнеше млрд доллар жұмсайтын болды
Индонезия жаңа астанасының құрылысына тағы бірнеше млрд доллар жұмсайтын болды
1 жыл бұрын 1022 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

2024 жылы Индонезия жаңа астанасының құрылысына тағы қомақты қаражат  - 2,7 млрд доллар жұмсайды. Бұл жайында islam.kz порталы Reuters ақпарат ресурсына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл қаражат президент әкімшілігі ғимараты мен мемлекеттік қызметкерлер, әскерилер мен полиция қызметкерлеріне арналған ондаған көп қабатты үйлердің құрылысына жұмсалады. Барлығы 16 мыңға жуық азамат жаңа ғимараттардан баспана алады. Жоспар бойынша бұл нысандардағы жұмыстар 2023 жылдың қыркүйегінде басталып, 2024 жылдың соңына дейін аяқталады. Индонезия билігі 2019 жылы Борнео аралында мемлекеттік қызметкерлердің жаңа астанасы Нусантараны салу ниетін жариялады. Алдын ала болжам бойынша жобаның жалпы құны 32 миллиард долларды құрайды. Құрылыс толығымен 2045 жылы аяқталады. Қазіргі астанасы - 30 миллион тұрғыны бар Жакарта халқы көлік кептелісінен басқа көптеген қиындықтармен бетпе-бет келуде. Аталмыш мегаполис жыл сайын 15 сантиметрге су астында қалады әрі шөгіп барады. Бұл аймақтың батпақты табиғаты мен Жакарта арқылы өтетін, топырақты шайып кететін өзендердің көптігі қауіп төндіруде. Бұдан бөлек, оңтүстік-шығыс Азияда орын тепкен, мұсылмандар қарасы әлем бойынша бірінші орында тұрған мемлекет астанасы ауасының сапасы бойынша әлемдік рейтингте орман өртінің түтініне тұншыққан Канададағы Монреал қаласынан кейінгі орыннан көрінген еді. Маусым айында. Монреалдағы ауа сапасының индексі (AQI)  маусымда 155 бірлікке жетсе, Жакартаға 152 ұпай берілді. Ластану деңгейі 151-ден жоғары болса, бұл көрсеткіш иммунитеті әлсіреген, созылмалы аурулары бар, жүрек және өкпе дертіне шалдыққандар, сондай-ақ, балалар мен қарт адамдар үшін қауіпті. Осыны ескерген Индонезия билігі ауаны ластаушыларға салық салуды қарастырып жатыр әрі автокөлік қожайындарына ең жоғары октандық рейтінгісі бар жанармайды пайдалануды талап етпек.

0 пікір
Мұрағат