Имамдарға шабуыл жасау жиілеп кетті
|
Соңғы уақытта имамдарға шабуыл жасау оқиғалары жиілеп кетті. Әлем бойынша. Имамдарды айуандықпен өлтіру, ұрлап әкету, бопсалау, сабап кету, т.б. келеңсіздіктер ұдайы қайталанатын болды. Исламофобтар мешітке, мұсылмандар мазарына, шариғат шәлісін жамылған әйелдерге шабуылдарын «місе тұтпай» енді имамдарға ауыз сала бастады. Мәселен, солтүстік Осетияда Ибрагим Дударов, Расул Ғамзатовтың кісі қолынан қаза тапқанын былай қойғанда Вашингтон қаласындағы әл-Ислам мешітінің имамы Әбдіәлім Мұсаның Израилге қолдау көрсетіп отырған АҚШ саясатын сынға алғаны үшін өзіне әлдекімдердің қоқан-лоқы көрсеткенін жасырмады. Федералды тергеу бюросы тарапынан мешітке рейд жүргізілгенін де жайып салды. Осыған ұқсас оқиға Ресей Федерациясы аумағында да орын алды: өткен жұмада Ставрополь ауданына қарасты Жүсіп-Құлақ Ипатов ауылының раис имамы Мовлид Алиевтің үйіне бетперде киген, бастан аяқ қаруланған полиция қызметкерлері баса-көктеп кіріп, үйдің астан-кестеңін шығарып, тінту жүргізіп, экстермистік әдебиеттерді іздеген көрінеді. Имам өзін Мұсылмандар діни басқармасы тағайындағанын айтқанымен полиция қызметкерлері оның бұл сөзіне құлақ аспаған. Осынау оқиғадан іш жиып қалған раис имам қызметінен өз еркімен кетті. Бәлкім, депутаттарға берілген артықшылықты имамдарға да беру керек шығар. Яғни, имамдар иммунитетін қалыптасыру керек.