Йеменге жыл басынан бері 67 мыңнан аса мигрант келген
Йеменге жыл басынан бері 67 мыңнан аса мигрант келген
2 жыл бұрын 1451 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Жыл басынан бері Йеменге Африка мүйісінен 67 500-ге жуық мигрант келген. Бұл туралы Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) Йемендегі кеңсесінде хабарлады. Бұл жайында islam.kz порталы aa.com.tr ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Осыған байланысты Халықаралық көші-қон ұйымының аталған елдегі өкілдігі мигранттарға барыншы қолдау көрсетуге шақырып отыр. Йемендегі қарулы қақтығыс сегіз жылдан бері жалғасып келеді, соған қарамастан Африка мүйісінен, әсіресе, Эфиопия мен Сомалиден мигранттар аталған елге ағылуда. Йеменге қоныс аударған мигранттардың пікірінше, Парсы шығанағы мен Сауд Арабиясы елдеріне қарағанда өмір сүру қолайлырақ. Біріккен Ұлттар Ұйымы келтірген дерекке қарағанда, соғыс басталғаннан 2021 жылдың соңына дейін Йеменде 377 мың адамның өмірі қиылған. Қазіргі уақытта әлемдегі ең қиын гуманитарлық жағдайды бастан кешіріп жатқан Йеменде 23,4 миллион адам, яғни, халықтың төрттен үш бөлігі көмекке мұқтаж, олардың жартысынан көбі - балалар. ЮНИСЕФ-тің есебі бойынша 2,2 миллион бала ашқұрсақ өмір сүреді, 17,8 миллионнан астам йемендік тазалық талаптарына толық жауап беретін  ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Соғысқа дейінгі денсаулық сақтау мекемелерінің жартысы ғана жұмысын жалғастыруда, 22 миллионға тарта адам, соның ішінде 10 миллионға жуық бала медициналық көмекке қол жеткізе алмай қалды. Кейін салдары ауыр болатын тағы бір дағдарыс – балалардың білім алу мүмкіндігі жоқ. Йеменде жеті айда қызылшадан 15 бала қайтыс болған. Қаңтар айынан шілдеге дейін Йеменнің жеті провинциясында, сның ішінде елдің уақытша астанасы Аденде қызылшамен ауырған 1400 бала тіркелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметі бойынша Йеменде денсаулық сақтау саласы қажеттіліктерінің тек 13 пайызы ғана қамтылған. Таяуда Сауд Арабиясы мен БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы 500 мыңнан астам йемендікке азық-түлік көмегін көрсету үшін 20 миллион долларлық келісімге қол қойды. Бұл туралы Корол Салман гуманитарлық көмек орталығының (KS Relief) сайтында жарияланған хабарламада айтылған.

0 пікір
Мұрағат