Йемендегі соғыстан қайтыс болған әрі жараланған балалар саны 11 мыңнан асып кетті
|
Йемендегі қарулы қақтығыстан көктей солған және жарақат алып, кемтар болып қалған балалар қарасы 11 мыңнан асып кеткен. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорының атқарушы директоры Кетрин Расселге жөн сілтеген «Российская газета» мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Талай жылға созылған соғыстан сансыраған Йемен гуманитарлық дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Дәлірегі, 23,4 млн йемендік азамат, яғни, Йемен халқының төрттен үші жәрдемге мұқтаж, көмекке зәру жандардың жартысы – балалар. ЮНИСЕФ келтерген дерек бойынша йемендік 2,2 миллион жасөспірім мен бес жасқа дейінгі 540 000-ға тарта бала ұдайы ашқұрсақ өмір сүреді. Елдегі денсаулық сақтау мекемелерінің жартысынан азы ғана өз жұмысын жалғастыруда, сондықтан балалар уақытылы екпе алмайды, бұған қоса, тазалық талаптарына сай ауызсу тапшылығынан тырысқақ, қызылша және дифтерия дертіне шалдыққандар қарасы көп.