Христиан еліндегі мұсылмандардың орта мектебінің даму барысы қалай (видео)
Христиан еліндегі мұсылмандардың орта мектебінің даму барысы қалай (видео)
7 жыл бұрын 3276 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Кәрі құрлықтың қақ төрінде орын тепкен франктер еліндегі мұсылмандардың орта білім беру мектептері федерациясының және "Ибн Рушд" атындағы осы елдегі алғашқы мұсылмандар орта мектебінің директоры Мақлұп Мамиш өзі пұшпағын илеп жүрген істің мән-жайын айтып берді. 2002 жылы Францияда  мұсылмандардың алғашқы жекменшік орта мектебі ашылды. 2004 жылы ел билігі мемлекеттік білім беру мекемелерінде шариғат шәлісін жамылып келуге тыйым салды. Бұл да Франциядағы мұсылмандарды өз алдына бөлек, ислами талаптарға сай орта мектеп ашуға итермеледі. Десе де, мұсылмандар  орта мектептерге арналған оқу бағдарламасы мемлекет бекіткен бағдарламағы сәйкес жүргізілді. Бұдан бөлек, мұсылмандардың орта мектептерінде араб тілі мен ислам діні пәндері енгізілді. Аталған білім беру ошақтарын қаржыландыруда қиындықтар болғанымен, мұндай мектептер Францияның барлық түкпірінен мұсылмандардың өз қаражатымен ашылып жатыр. Қазіргі уақытта мұндай мектептердің қарасы 100-ге жуықтап қалды. Ислами тәрбие мен зайырлы білімді қатар ұштастыру осы елдегі мұсылмандардың орта мектебінің ерекшелігі. Нақтырақ айтқанда, балалардың санасына мұсылман бола тұра Франция азаматы болып табылатыны сіңдіріледі. Франциядағы ең алғашқы мұсылман мектебі, дәлірегі, "Ибн Рушд" атындағы орта білім беру мектебі Лилл қаласынан ашылған. Ол қазіргі уақытта оқу үлгерімі бойынша Францияда төртінші орында тұрған үздік білім беру ошағынан саналады. Жергілікті мұсылман кәсіпкерлерінің қаржылай қолдауымен жұмыс істейді. Сондай-ақ, баласы білім алып жүрген мектепке ата-аналар да қаржылай қолдау көрсетіп, белгіленген мөлшерде жарна төлейді. Тағы бір айта кететіні, мұсылмандардың орта мектебінде мұсылман емес балалар да білім алып жүр. Мұсылман еместер тарапынан сұраныс артып келеді. Бұл елде мұсылмандардың орта мектебін ашудағы ең басты қиындық - қаржы табу және білікті мамандар тарту. 

 

0 пікір
Мұрағат