Хаменей режимін құлату мүмкін бе? – сарапшы пікірі
Хаменей режимін құлату мүмкін бе? – сарапшы пікірі
1 сағат бұрын 35 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Сарапшылар Иран режимін күйрету жоспары нақты істен саяси ұранға айналып бара жатқанын алға тартып отыр. Бұл жайында islam.kz порталы cursorinfo.co.il ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Израилдің Әби Ашканези есімді сарапшысы Америка құрама штаттарының бұл іске жеткілікті дайындалмай келгендігін мәлімдеді. Оның айтуынша, Ақ үй Иран билігімен арадағы келіссөзде ядролық бағдарламадан және баллистикалық зымырандардан бас тартуды, сондай-ақ, аятолла режимін ауыстыруды талап етіп отыр. Израилдік сарапшы мұның бәрі Иранның ең жанды жері екенін, сол себепті, бұл талаптардың бірде-біреуін Иран тарапы орындамайтынын тілге тиек етті. Бұдан бөлек, америкалықтар бұл талаптарды қоярдан бұрын әр талап бойынша жете дайындалмағандығын, дәлірегі, әр талаптың ауқымдылығы мен стратегиялық маңызын ескермегендігін мәлімдеді. Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздің өтуіне ең алдымен Иран ішіндегі толқу мен наразылық шерулері себеп болғанын айта кету керек. Десе де израилдік сарапшы Иран факторына байланысты моралдық риторика ешуақытта әскери әрі саяси ерік-жігерді алмастыра алмайтынын “шегеледі”. Ең қызығы, америкалықтар Иранға соққы бере қалған жағдайда оның салдарын бағамдамаған. “Келесі күннің” сценариін дайындамаған. Міне, осындай факторлар америкалықтардың арадағы келіссөзде қолын байлап отыр. Америкалықтардың әскери әуе күштерінің жартысы қазіргі уақытта Иранға ықтимал шабуыл үшін Таяу Шығыс аймағына жұмылдырылған. Енді Иран ядролық бағдарламадан бас артпаған жағдайда америкалықтар байытылған уранын жоюға тырысады. Десе де ирандықтар алдыңғы шабуылда бүлінген ядролық обьектілерін қалпына келтіріп үлгерген. Аз уақытта. Оның үстіне, елдің ядролық саладағы жоғары әлеуеті барын да ескеру керек: білікті мамандар мен зерттеу орталықтары елдің ядролық әлеуетін толық күйреуден аман алып қалатын үлкен күш. Бұл күш әріберіден соң стратегиялық күш. Яғни, Иранның ядролық бағдарламадан толық бас тартуы мүмкін емес. Екінші талапқа келсек, Иран баллистикалық зымырандардан бас тартуы тиіс. Бұл да мүмкін емес, Иранның зымырандары әлемдегі ең қуатты зымырандар қатарында. Тіпті, батыс елдерінде ирандық зымырандар ядролық қаруға теңестірілген. Ең күрделі сценари - Иран көсемі Әли Хаменей режимін құлату. Әби Ашкеназидің пікірінше, дәл осы жерде ең үлкен адасу жатыр. Ол іс жүзінде режимді ауыстыру мүмкіндігінің өте төмен екендігін алға тартты. Мысал ретінде Газадағы Хамасқа және Ливандағы Хизбаллаға қарсы ұзаққа созылған әскери операциялардың израилдік тәжірибесі келтіріледі. Бұл ұйымдардың көсемдерінің көзі жойылса да, инфрақұрылымына күйрете соққы берілсе де, т.б. басқа да факторларға қарамастан, мұндай құрылымдар жұмыс істеуін жалғастырып келеді.

АҚШ жыл сайын шетелдегі әскери базалары үшін ондаған миллиард доллар жұмсайды. Таяу Шығыс өңіріндегі америкалық сарбаздар қарасы 30 мыңға жуық. Ең ірі база Катарда орналасқан. Соңғы апталарда бұл база іс жүзінде бос қалды. Иранның Катар аумағына соққы беру қатеріне байланысты. Ұшақтар мен KC-135 жанармай құюшылардың бір бөлігін басқа жерлерге ауыстырды. Олардың кейбіреулері Израилге келді. Араб елдеріндегі америкалық базаларды ұстау шығыны жылына миллиардтаған долларды құрайды. Мұндай қаражат Израилге берілетін жыл сайынғы әскери көмектен асып түседі. Алайда, шешуші сәтте араб мемлекеттері Иранға соққы беру үшін өз аумақтарын пайдалануға беруден бас тартты. Бейбіт уақытта тірек болған базалар дағдарыс кезінде пайдасыз болып шықты.

0 пікір
Мұрағат