|
Халық санының өсуін тежеу үшін радикалды тәсілге жүгінбек
|
Мысыр билігі экономикалық дағдарыстан шығу үшін елдегі демографиялық дүмпуге тосқауыл қоймақ. Соңғы жылдары аталған елде халық санының шапшаң өсуіне байланысты оларды асырау биліктің бас ауруына айналып отыр. Бұған қоса, соңғы он жылда орын алған елдегі түрлі саяси толқулар мен аймақтағы "араб көктемі" Пирамидалар елінің негізгі кіріс көзіне айналған туризм саласын ақсатып кеткен еді. Осыларды ескере келе парламент көп ұзамай депутат Гада Ажами сызған демографиялық дүмпуге қарсы заң жобасын қарастырады. Аталмыш құжатта бала саны үштен асатын отбасыларға мемлекет тарапынан көмек, яғни, жәрдемақы берілмейді. Көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудан айыру арқылы демографиялық дүмпуге тойтарыс бермек. Сондай-ақ, көп балалы отбасылар әлеуметтік жеңілдіктерден, атап айтқанда, мемлекеттік мектептерде білім алу, демеуқаржылы тауарларды алу мүмкіндіктерінен айырылады.