"Халық биліктен гөрі "террористерге" сенеді" - ресейлік сарапшы
|
Естеріңізде болса, сыртқы күштер өз мүддесінің жүзеге асуына кедергі келтіргені үшін террористер қатарына жатқызған тәліптер қозғалысын жергілікті халық партизан деп білетінін талай мәрте хабарлаған едік. Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары саясаткерлердің тәліптер қозғалысы туралы жаңсақ мәлімдесін сараптап жатпастан "террорист" атап, есекке теріс мінгізіп жіберген болатын. Ауған тұрғындары ресми билікке қарағанда елдің жарты аумағын бақылайтын тәліптер қозғалысына сенім артатынын жеткізіпті Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігіне қарасты Азия департаментінің директоры әрі РФ президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Зәмір Қабылов «Коммерсант» мерзімді басылымының тілшісіне берген сұхбатында. Сәл шегініс, Ауған басшысының тәліптерді қудаламай, елдің саяси өміріне араластырып, саяси күшке айналдыру туралы мәлімдеме жасағанын кезінде хабарлаған едік. Естеріңізде болса. Ал Ауғанстан жөніндегі арнайы елші не дейді? Оның айтуынша, аталған елдің билігі тәліптерді қоғаммен интеграциялауға шақырып отырғанын айта келіп, тәліптер қозғалысының онсыз да, яғни, ресми биліктің өздеріне қатысты үндеуіне қарамастан елдің әскери-саяси өміріне араласып отырғанын тілге тиек етіпті. "Тәліптер құрған паррарелді мемлекет құрылымына жергілікті халық толық сенім артып отыр ресми билікке, соның ішінде, сот жүйесіне қарағанда",- деп мәлімдеді Зәмір Қабылов. Естеріңізде болса, Зәмір Қабыловтың осыдан бірер ай бұрын тәліптер қозғалысы туралы осы тектес мәлімдемесін жариялаған едік. Оның бір емес, осымен екінші мәрте тәліптер қозғалысы туралы мұндай мәлімдеме жасауына не түрткі болуы мүмкін? Ресей билігі де тәліптер қозғалысын "террористік ұйым" деп таныған. Зәмір Қабылов Кремлдің рұқсатынсыз мұндай мәлімдеме жасай ала ма? Бұл - бір. Егер оның айтқаны Кремлдің позициясынан хабар беретін болса, алдағы уақытта Ресей билігі тәліптер қозғалысын террористер қатарына жатқызбай, байланыс орнатпақ па. Америкалықтардың ауған жеріндегі ықпалын кеміту үшін. Бәрі мүмкін.