Газа секторындағы халық басқа құрлыққа көшірілуі мүмкін
Газа секторындағы халық басқа құрлыққа көшірілуі мүмкін
4 ай бұрын 667 24.kz

Израиль мен Оңтүстік Судан палестиналықтарды Газа секторынан жаппай көшіру туралы келіссөз жүргізіп жатыр, деп хабарлады 24.kz

Бұл бастаманы Биньямин Нетаньяху Дональд Трамптың Газа тұрғындарын көшіру туралы идеясын жүзеге асыру емес, "ерікті көші-қон" деп атады. Алайда, әлемдік қауымдастық Израильдің бұл қадамын халықаралық құқық нормаларын бұзу деп айыптады. Мысыр үзілді-кесілді қарсы шығып, дипломатиялық жолмен тосқауыл қоюға бекініп отыр. Ал Оңтүстік Суданмен жұмыс істейтін америкалық лоббистік компания жетекшісі Джо Славиктің айтуынша, көшіру шығындарын Израиль мойнына алмақ. Мәселеге қатысты тараптар әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Алайда, осыған дейін Нетаньяху газалықтарды көшіру жоспары туралы i24NEWS арнасына берген сұхбатында тұспалдап жауап берген болатын. 

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі: - Біз Газа халқын күштеп көшірмейміз. Өз еркімен кетуіне жағдай жасаймыз. Олардың Газа аумағынан кетуі дұрыс шешім деп ойлаймын. Содан кейін ХАМАС-қа қарсы операцияны күшейте аламыз.

Суданда гуманитарлық дағдарыс ушығып тұр

Газа жұртына Оңтүстік Судан жайлы қоныс болуы екіталай. Өйткені, бұл елде де гуманитарлық дағдарыс ушығып тұр. 2023 жылдың сәуірінен бері Азаматтық соғыс салдарынан 400 мың адам қаза тауып, 9 миллионнан астамы босқынға айналған. Елді аштық жайлап, түрлі жұқпалы індет тарап жатыр. Миллиондаған адам гуманитарлық көмекке мұқтаж. Дональд Трамп әкімшілігі USAID-тың қызметін тоқтатқаннан кейін аймақтағы жағдай одан сайын нашарлап кеткен. 

Газа тұрғындары азайып барады

Қазір Газа қаласында 800 мың тұрғын бар. Ал, жалпы Газа секторындағы халық саны 2 миллионнан асады. 2023 жылы басталған қақтығыс салдарынан бүгінге дейін, 61 мыңнан аса адам қаза тапты. Сөйтіп, халық саны кейінгі 1 жыл ішінде 6 пайызға азайды. Енді Биньямин Нетаняхудың жоспары бойынша 2 аптадан кейін Газа тұрғындары әуелі сектордың оңтүстігіне көшіріледі. Муваси лагерінде гуманитарлық аймақ құрылып, халықтың бір бөлігі сонда эвакуацияланады. Қазір Израиль Газа секторына гуманитарлық көмек көлемін ұлғайтуға тырысып жатыр. Күніне 300 көлікке дейін кіруге рұқсат.

0 пікір
Мұрағат