Ғалымдар тағы дабыл қақты
Ғалымдар тағы дабыл қақты
5 жыл бұрын 2689 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

2015 жылы ғалымдар адамзаттың жаппай жойылудың алтыншы дәуіріне аяқ басқанын мәлімдеген болатын. Бұл турасында кезінде хабарлағанбыз, естеріңізде болса. Биологиялық әр алуандылықтың кемуі геометриялық прогреспен қарқын алып келеді. Осыған байланысты ғалымдар мен экологтар жаппай жойылуға қатысты деректерді жаңғыртты. Осылайша адамзаттың өз-өзіне көр қазып, жасанды жолмен жойылу қатері артқанын мәлімдеді. Адам жаратылғалы бері жаппай жойылу процестеріне табиғи әрі ғарыштық факторлар себеп болса, бұл жолғысы адамзаттың кесірінен орын алып отыр. Яғни, осы жолғы жаппай жойылуға адамзаттың өзі кінәлі. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда XX ғасырда жабайы жануарларды жаппай аулаудан, саудалаудан, сондай-ақ, олардың тіршілік ету ортасының тарылуынан, бұдан бөлек, табиғатқа антропогендік әсерден бауырымен жорғалаушылардың 543 түрі жойылып кеткен. Алдағы ширек ғасырға жетпейтін мерзімде олардың тағы шамамен 540 түрі жойылады. Бұл бағытта арнайы зерттеу жүргізген Стэнфорд университеті ғалымдарының жаппай жойылуға қатысты мәліметтері Proceedings of the National Academy of Sciences (PNAS) мерзімді басылымында жарияланды. Осы орайда ғалымдар адамзаттың өзіне қауіпті бұл процесті тоқтату үшін жабайы жануарлардың әлемдік және жергілікті деңгейдегі сауда-саттығына тыйым салуды, қорғауды аса қажет ететін аймақтарда жабайы табиғатты көздің қарашығындай қорғау үшін қатаң шаралар қабылдауды ұсынып отыр.

0 пікір
Мұрағат