Француз элитасы Құран сүресін өзгертуді талап етуде
Француз элитасы Құран сүресін өзгертуді талап етуде
7 жыл бұрын 7259 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Француздардың Le Parisien мерзімді басылымында сәуір айының 21-і күні жарияланған, Франция қоғамының бетке ұстар 300-ге тарта тұлғасы (олардың ішінде Францияның экс-президенті Николя Саркози, бұрынғы премьер-министр Манэул Вальс бастаған саясаткерлер де, өздерін интеллегент санайтын зиялысымақтар да, т.б. бар) қолдарын қойған манифест мәтіні мен мазмұны, ондағы орынсыз талап тек жергілікті мұсылман жамағатының ғана емес, сонымен қатар, исі мұсылманның наразылығын тудырды. Аталған манифесте не айталған сонша күллі мұсылманды налаға қалдыратындай? Онда "Еврейлерді, христиандарды және дінсіздерді өлтіруге шақырған Құран сүрелері бүгінгі таңда өзекті емес", "қасиетті мәтінді желеу етіп, қылмыс жасауға болмайды",- деп айтылған. Бұл арада қасиетті Құран сүрелерінің "ескіргені" туралы ескертпеде не айтқысы келді екен? Әлбетте, жергілікті мұсылман жамағаты мен жетекшілері қасиетті Құранға ревизия жасағысы келетіндерге тойтарыс берді. Аталған мерзімді басылым бетінде 30 имам қол қойған манифесшілерге қарсы жазылған хат жарық көрді. Сөз орайы келгенде айта кету керек, соңғы уақытта кәрі құрлықтағы аса ірі державада исламды осы заманғы зайырлы қоғам талаптарына қарай реформалау туралы ой ұлттық бастамаға айналып барады. Билік басына келгеніне көп уақыт өте қоймаған Францияның қазіргі президенті Эммануэль Макрон да "Француздық ислам" құруға білек сыбана кірісетінін мәлімдеген болатын. Алайда, осындай мәлімдеме жасаса да оның өзі Жаратушының кітабына өзгерту енгіземін деп жанықпаған еді. Франциядағы мұсылман жетекшілері экстремизммен күресуді желеу етіп, қасиетті Құран сүрелері мен аяттарын өзгертуге жол бермейтінін мәлімдеді. Экстремизмнің надандықтан өрбитінін, мұсылмандардың киелі кітабын жете білместіктен туатынын алға тартты. Тіпті, бұл манифестке Түркияның Еуропалық одақ істері жөніндегі министрі Омар Шеліктің өзі наразылығын білдірді. Ол француз қоғамы элитасының бұл әрекетіне "варварлық" деп баға берді. 

0 пікір
Мұрағат