Францияда түнгі көбелектердің аяғына тұсау салынды
Францияда түнгі көбелектердің аяғына тұсау салынды
9 жыл бұрын 2900 24.kz nur.kz

Франция билігі жезөкшелікке шек қоятын жаңа заң жобасын қабылдады. Енді Франция аумағында тәнін сатқан да, оны саудаламақ болғандар да жазаға тартылады. Нәпсісін тыя алмай, заңды алғаш бұзғандар 1500 еуро көлемінде айып төлейді. Дәл осы заңды бұзғаны үшін екінші рет қолға түскен адам 3500 еуро айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Көше кезіп, қызмет ұсынушы жеңгетайлар да адам арбады, заң бұзуға үгіттеді деп заңмен жазаланады. Заң шығарушылар қоғамды аздыратын осы кеселді атымен жою үшін бұрын тәнін сатып келгендерді далаға тастамай, оларға әлеуметтік көмек беріп, жаңа жұмыс орындарына орналасып кетуіне де жәрдемдеседі. Аталмыш заң парламенттің кіші палатасымен қабылданған.

Гай Джофрой, Консерваторлар партиясының өкілі: - Біз адам саудасымен айналысып, тәнін саудалаушылармен күресті барынша күшейтуге тиістіміз. Сол үшін жеңіл жүрісті әйелдер ұсынатын қызмет түрін пайдаланғандарды да жазаға тарту керек деп шештік. Егер келушілер тыйылып, сұраныс болмаса, жезөкшелік те, адам саудасы да жойылады.

0 пікір
Мұрағат