|
Франция тұтқындардан түрме ақысын алу жүйесіне көшеді
|
Францияның әділет министрі Жеральд Дарманен TF1 телеарнасының эфирінен өзге де әлеуметтік мекемелердегі (емхана, білім беру, т.б.) секілді «түрме жүйесіне қатысқаны үшін төлем» енгізу қажеттілігіне тоқталған. Бұл жайында islam.kz порталы Yeni Şafak ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Министрдің айтуынша, мұндай шара қылмыскерлерді тәрбиелеу немесе түзету жүйесіндегі мемлекеттік шығындардың бір бөлігін жабуға мүмкіндік бермек. Әлемде жоқ мұндай тосын бастаманың көтерілуіне түрме қабырғасындағы жағдай себеп болған. Сәуір айының екі аптасында күллі Франция аумағындағы түзету мекемелеріне шабуыл жасалған. Бұл бүліктің артында өздерін «Француз тұтқындарының құқығын қорғау» (DDPF) деп атайтын ұйым тұрғаны айтылған. Telegram әлеуметтік желісі арқылы видеоүндеулерін жариялаған топ мүшелері билік тарапынан жүргізіліп жатқан есірткіге қарсы науқанға осылайша наразылықтарын білдірген. Осындай бүлікке байланысты Франция үкіметі қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр. Қараша айында дейін 200-ден аса аса қауіпті есірткі саудагерін қатаң режимдегі түрмеге ауыстыратын болады. Осы науқан аясында 25 күдіктінің қолына кісен салынды. Франция түрмелері жазасын өтеушілерге лықа толы. Сәуір айының бас кезіндегі дерек бойынша елдегі түрмелерде 81 600 тұтқын қамалған. Ал түрмелердің барлығы 62 363 тұтқынға ғана шақталған.