Финляндиялық қария әкесінің 80 жыл бұрын алған кітабын кітапханаға қайтарды
|
Таяуда Финляндияның зиялы қауымын елең еткізген қызық оқиға болды. Қалалық кітапханалардың біріне қарт кісі келіп, осыдан 80 жыл бұрын әкесі жаздырып алған кітапты тапсырды.
Анықтай келе, тұрмыстық химия жөнінен бұл оқу құралының 1935 жылдың қазан айының 11-нен кешікпей тапсырылуы керектігі белгілі болды. 1901 жылы жарық көріп, раритетке айналған бұл кітапты қарт үйдегі сөрелерді ақтарыстырып жүріп тауып алған соң кітапханаға қайтаруды ұйғарыпты. "Фин елінің екінші мемлекеттік тілі саналатын швед тілінде жарық көрген бұл ғылыми әдебиет өз уақытында өте көп оқылатын кітаптардың бірі болса керек. Себебі, ондағы "кітапты алу-қайтару" парақшасында оқырмандардың жиі жаздырып алғандығы көрініп тұр", - дейді кітапханашы Пяйви Тоссавайнен. Ал естілік танытқан қартқа кітапхана басшылығы айыппұл салған жоқ. Себебі, күніне 20 еуро центпен есептелген жағдайда оның 80 жылға шаққандағы сомасын қарттың қалтасы көтеруі екіталай еді. Ал тапсырылған кітап қазір өте сирек кездесетін ғылыми оқу құралы ретінде Финляндия Ұлттық кітапханасына жөнелтіледі.