Финляндия артта қалған елдердің мигранттарын қабылдаудан бас тартты
|
Еурокомиссия Финляндия билігіне 800 мигрантты қабылдау турасында ұсыныс білдірді. Алайда, Фин билігі мигранттарды қабылдаудан бас тартып отыр. Айта кетейік, Еуропаға мигранттардың тағы бір легі келді. Қазіргі уақытта Еурокомиссия италия мен Грекияға теңіз арқылы Африкадан келген 20 мыңнан асатын адамды ЕО-ға мүше мемлекеттерге бөлуді жоспарлап жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Пан Ги Мун Брюсселде өткен Еуропарламент мәжілісінде мигранттарды орналастыру мәселесін көтерген болатын. Десе де, ЕО-ға мүше 28 елдің 10-ы заңсыз жолмен келген мигранттарға қырын қабақ танытып отыр. Сондай-ақ, Сирия мен Эритериден келген, қазіргі уақытта Италия мен Грекия ауғамында 40 мыңдай мигрант бар. Мигранттарды негізінен Германия, Франция, Испания және Польша қабылдап жатыр. Осыдан екі күн бұрын Африканың солтүстігінен кәрі құрлыққа Жерорта теңізі арқылы бет алған мигранттар кемесі апатқа ұшырады. Сол маңда жүрген Бельгияның әскери әуе күштерінің кемесі апатқа ұшыраған, 250 адам бар кемені тіркеуге алып, жағалауға жеткізді. 250 жолаушының 40-тан астамы – балалар. Африканың солтүстігінде орын тепкен елдердегі қарулы қақтығыстардан адамдар Еуропаға бас сауғалап жатыр. Олардың дені Жерорта теңізі арқылы Еуропаға заңсыз жолмен өтуде. Әйтсе де, олар мінген кемелердің бәрі бірдей жағалауға аман-есен жете бермейді. Бір кемеге адамдардың сығылысқанынша отыруынан пайда болатын артық салмақ, тозған техника кемелердің апатқа ұшырауына, адам шығынына себеп болып отыр. Мәселен, үстіміздегі жылдың сәуір айының орта шенінде Сициялия каналында балық аулауға арналған кеме апатқа ұшырап, нәтижесінде 700-ге тарта мигранттан тек 28 адам ғана аман қалған болатын. Оның алдында, яғни, бір апта бұрын Ливиядан шыққан кеме Италия жағалауында апатқа ұшырап, 400 адам опат болды.