Еуропалықтардың жаһандық жобаға қарсы бастамасы
|
Еуропа одағы Қытайдың "Бір белдеу - бір жол" атты жаһандық жобасына қарымта ретінде Азия елдеріне инвестицияны арттырмақ. Дәлірегі, қытайлардың аталған жобасымен бәскелес бастаманы қолға алмақ. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, Азия елдерінде құятын инвестиция мөлшерін төрт есеге арттыруды көздеп отыр. South China Morning Post ақпарат көзінде жарияланған European Union has a plan for Asian infrastructure but will it collide with China’s belt and road? мақаласында айтылғандай, еуропалық инвестиция негізінен жылына 1,5 трлн долларды қажет ететін инфрақұрылымға бағытталмақ. ЕО мұндай қадамға Азиядағы ықпалын арттырып келе жатқан Қытайдың экономикалық экспанциясына қарсы тұру үшін бармақ. 2013 жылы қолға алынған қытайлардың жаһандық жобасы Азиядан Африка құрлығына дейінгі 60-тан аса елді қамтиды. Азиядан Африкаға дейінгі инфрақұрылымға 80 млрд доллар тартуды жоспарлап отыр. Қытай тарапы. Еуропа одағы бұл бағытта Шығыс Еуропа мен Қап тауынан Азияға дейінгі темір әрі теңіз жолдарын жалғайтын трансеуропалық көлік дәлізін одан ары ұлғайтпақ. Осы мақсатта Еуропа одағы әуе тасымалы бойынша Оңтүстік-шығыс Азия елдерімен, Әзірбайжан, Түркия, Катар билігімен келіссөз жүргізіп жатыр. Соның ішінде Еуропа мен Азияның арасындағы байланысты нығайтатын энергетикалық жобалар да талқыланып жатыр. Бұл бағытта ЕО бірнеше млрд еуро, дәлірегі, 2021-2027 жылдары 123 млрд еуро құймақ. Қазірдің өзінде Еуропа одағы 2010-2018 жылдар аралығында Азия және Орта Азия инвестициялық қор аясында 4,2 млрд еуро жұмсады. ЕО Азиядағы тек Қытайлардың ықпалынан ғана емес, сонымен қатар, АҚШ-тың мүддесінен қауіптеніп отыр. Дәлірегі, Азиядағы үлесінен қағылмауы үшін АҚШ билігі Үнді-Тынық мұхиты аймағына 113 млн доллар құйды. Десе де Еуропа одағының бұл бастамасы қаншалықты жүзеге асады немесе қытайлардың жаһандық жобасымен қаншалықты бәсекелесе алады? Оны алдағы уақыт көрсетеді. Десе де еуропалықтардың қытайлардан бір артықшылығы: ашықтығы, қоршаған ортаға барынша залал келтірмейтін жобаларында жатыр. Бұдан бөлек, адам құқығы мен еңбек қауіпсіздік техникасының сақталуына ұқыптылығы да еуропалықтардың бәсін жоғарылатады. Ал Қытайдың халықаралық зерттеулер институтының Еуропаны зерттеу департаментінің директоры Цуй Хунцзяннің айтуынша, Еуропаның бұл бастамасы сәтсіздікке ұшырауы мүмкін. Өйткені, еуропалық менталитет Азияға келмейді. Азия елдерінің өз ережесі мен тәртібі еуропалықтардың бұл бастамасымен үйлесе бермейді.