Еуропалық қайырымдылық қоры ашыққан африкалықтарды шегірткемен қоректендірмек
Еуропалық қайырымдылық қоры ашыққан африкалықтарды шегірткемен қоректендірмек
2 жыл бұрын 1733 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Британияның қайырымдылық қоры Зимбабве мен Конго Демократиялық Республикасындағы жеуге жарамды жәндіктерді өсіру жобаларына 350 000 фунт стерлинг бөлді. Британдық азық-түлік технологтары жаңа тағам Африкада танымал жүгеріден гөрі құнарлы болады, деп есептейді. Бұл жайында islam.kz порталы The Guardian ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Мұндай өзгеше қайырымдылық бастамалар, сарапшылардың пікірінше, жаһандық жылыну мен климат өзгерісіне байланысты құрғақшылықтан, тайпаралық қарулы қақтығыстардан зардап шеккен Африка құрлығындағы аштықтың алдын алуға, дәлірегі, мол қаржы жұмсамай-ақ, су мен құнарлы топырақты шығындамай-ақ, ішінара шешуге көмектеседі. Осы мақсатта британдық католиктердің шетелдегі даму агенттігі Конгоның Солтүстік және Оңтүстік Киву провинцияларында құрт, шегіртке, т.б. азық ретінде тұтынуға жарамды жәндік фермаларын ашу үшін 50 000 фунт стерлинг инвестициялады. Африкалық кей елдерде жәндіктерді азық орнына тұтыну қалыпты жағдай саналады. Әлбетте, тек белгілі бір маусамда ғана, мәселен, шегіртке қаптағанда аулағаны болмаса, арнайы қолдан өсірмейді. Бұған әдеттенбеген. Зимбабве астанасы Хараре мен Гуандада 7-12 жас аралығындағы балаларға мопан құрттары, Оңтүстік Африканың ірі құрттары қосылған ботқалар беріледі. Бұл үшін 300 мың фунт қаражат бөлініп отыр. Аталмыш жоба жетекшісі және азық-түлік технологы Альберто Фиоре Зимбабведегі халықтың минералдар, аминқышқылдары мен ақуызы аз жүгеріні жиі тұтынатынын алға тартып отыр. Ал жәндіктерде қоректік заттар жеткілікті.

0 пікір
Мұрағат