Еуропалық елде кене инфекциясы эпидемияға теңестіріледі
|
Естеріңізде болса, осыдан бес күн бұрын "Кенелермен күресу үшін химикаттан бас тартқан ел" (сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/alem/kenelermen-kuresu-ushin-himikattan-bas-tartqan-el-12158/) деген тақырыпта хабар таратқанбыз. Бұл хабарымызда Балтық жағалауындағы осынау шағын елдегі кене инфекциясын жұқтырғандар қарасының артып келе жатқаны турасында айтып өткенбіз. Аталған елдегі кене инфекциясын жұқтырғандар қарасының артуына байланысты қалыптасқан ахуал ел билігін шұғыл шара қабылдауға мәжбүрлеуде. Атап айтқанда, ел билігі кене инфекциясын індет ретінде жариялап, кене энцефалитінен тұрғындарды қорғау бағытында тиісті емдеу және алдын алу шараларын жүргізуі керек. соның ішінде, кене энцефалитетіне қарсы егу жұмыстарын жүргізуі қажет. Аталған елдің христиан демократы, "Отан одағы" деп аталатын партия атынан сайланған депутат Айсте Гедвилен осындай ұсыныс білдірді. Литваның денсаулық сақтау министрлігіне. Депутаттың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйене отырып, келтірген дерегіне қарағанда, Литвада 100 мың адамға шаққанда кене инфекциясын жұқтырғандар қарасы 15 адамнан келеді екен. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының белгілеген талабы бойынша 100 мың адамға шаққанда кене инфекциясын жұқтырғандар қарасы бес адамға жетсе, екпе тегін болуы тиіс. Мәселен, 1982 жылы Австрияда 100 мың адамға шаққанда кене инфекциясын жұқтыру бойынша 8,75 оқиға тіркелген екен. Осыдан кейін тегін екпе салу қолға алынып, нәтижесінде ел тұрғындарының 80−90%-на кене энцефалитетіне қарсы екпе салынған. Нәтижесінде аталған дерт 12 есеге кеміген болатын.