Еуропалық ел криптовалюата өсіміне салынатын салықты көтереді
|
Италия криптовалюталы капиталдың өсіміне салынатын салық мөлшерін бүгінгі таңдағы 26%-дан 42%-ға дейін көтеруді көздеп отыр. Бұл жайында islam.kz порталы cryptocurrency.tech ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Осыған байланысты криптонарықтағылар аталған ел билігінің бұл шешіміне наразылық білдіруде. Әсіресе, әлеуметтік желіде. Мәселен, Х (бұрынғы Twitter) қолданушысы өз еңбегімен тапқан табысқа әрдайым ортақтасқысы келіп тұратын үкіметті сынға алды. Тағы біреуі Италия министрлер кабинетінің бұл қадамын “мафиялық” әрекет деп танитынын жеткізді. Оның айтуынша, үкімет дайын асқа тік қасық болғысы келеді. Бұрын криптовалютамен жасалған сауда-саттықтан түскен табысқа (жылдық пайдасы 2000 еуродан асса) 26% мөлшерінде салық салынатын. Осы орайда таяуда Америка құрама штаттарының Огайо штатының сенаторы Нираж Антанидің (Niraj Antani) жергілікті саяси бөлімшелерді мемлекеттік және жергілікті алым-салықты жинауда криптовалютаны да қабылдауға міндеттейтін заң жобасын ұсынғанын айта кетпекпіз.