|
Еуропа елінде роботтар жасанды зердеге қарсы наразылық шеруіне шықты (видео)
|
Таяуда Полшада әлем қауымдастығын елең еткізген оқиға орын алды: гуманоидты (адам тәрізді) және төрт аяқты (ит тәрізді) роботтар цифрлы істер министрлігінің маңында пикет, яғни, наразылық акциясын ұйымдастырды. Бұл жайында islam.kz порталы democratism.com сайтына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Машиналар адамдардың жұмыс орындарын қорғау үшін АІ және автоматтандыру саласындағы реттеу тетіктерін күшейтуді талап етті. Акцияны Democratism тобы ұйымдастырды. Оның мақсаты - АІ мен роботтандыруды дамыту еңбек нарығына қалай әсер ететіні туралы ашық пікірталас ашу. Дауыс зорайтқыштар арқылы: «Біз реттеуді қалаймыз, біз ережені қалаймыз, біз заңды қалаймыз» деп жар салды. Ұйымдастырушы Гжегож Кулис адамдарды гуманоидты роботтармен де, ақыл-ой еңбегіндегі АІ-мен де алмастыру мәселесін көтерудің аса маңызды екенін айтады. Қазіргі роботтардың мүмкіндіктерін көрсету арқылы жұртшылықтың назарын аударып, қоғамда пікірталас тудыруға бағытталған. «Егер біз қазір жауап бермесек, көп ұзамай кеш болуы мүмкін», - деп ескертеді Күліс. Жасанды зердемен тікелей байланысты жұмыс орындарының жоғалғанын да ұмытпау керек. Америкалық технологиялық компаниялар соңғы кездері он мыңдаған адамды жұмыстан шығарып, АІ үшін инфрақұрылымды автоматтандырып жатыр. «Біз көшіп-қонушылардың қоғамға әсерін үнемі талқылап отырамыз, ал «мигранттардың» басым көпшілігі жақын арада Атлант мұхитының астынан тартылатын суасты кабелдері арқылы AI-агенттер түрінде немесе Қытайдан жүк контейнерлерінде гуманоидты роботтар түрінде келеді», - деп түйіндеді Күліс.