Еуроодақ елдерінде жеке мәліметтер арнаулы регламентпен қорғалады
|
Еуропалық одақ елдерінде жеке мәліметтерді пайдалану ережелерін бұзғандарға 20 млн еуроға дейін айыппұл салынады, деп хабарлайды 24kz.
Мәліметтерді қорғау жөніндегі жалпы регламент 2018 жылы енгізілген. Қытай билігі де технологиялар дамыған заманда киберқауіпсіздікті күшейтуге кірісті.
Ернат Рахметолла, тілші: - Еуроодақта Жеке мәліметтерді қорғауға бағытталған жалпы регламент 2018 жылдың мамырында күшіне енген. Оның басты қағидасы – дербес деректер тек оның иесінің ашық келісімінің негізінде заңды және әділетті жолмен жинақталуы керек. Азаматтардың жеке ақпаратымен жұмыс істейтін фирмалар аталған құжаттың барлық талаптарының сақталуы үшін жауапты. Заңнан аттаған компанияларға 20 млн еуроға дейін айыппұл салынады. Бұл регламент Еуроодақ азаматтарының жеке мәліметін пайдаланатын әлемдегі кез-келген ұйымға қолданылады.
Қытайда киберқауіпсіздік туралы заң 2017 жылы қабылданған
Интернет өндірісі мен цифрлық экономиканы дамыту үшін Қытай 2017 жылдың маусымында киберқауіпсіздік туралы заң қабылдады. Құжат дербес ақпаратты қорғау және интернет-кеңістікті басқару мәселелерін қамтиды. Осы ережелер арқылы мемлекет ғаламтордағы белсенділікті бақылайды. Жеке мәліметпен жұмыс істейтін компанияларға ақпараттың таралып кетпеуі, тексерістен өтіп тұру талабы қойылады. Сондай-ақ заң интернет-провайдерлерді дербес мәліметті үшін оның иесінен рұқсат сұрауға міндеттейді.
Жапонияда жеке мәліметтер 2005 жылдан бері заңмен қорғалады
Жапонияда жеке мәліметтерді қорғау туралы заң 2005 жылы күшіне енген. Ол жапондардың жеке өміріне қол сұқпау құқығын қамтамасыз етеді. Осы құжатқа сәйкес елде тіркелген, жеке мәліметпен жұмыс істейтін барлық web-сайттар құпиялылық саясатын жүргізу ережелерін ашық жариялауға міндетті.
Авторы: Ернат Рахметолла