Есірткіге еліткен христиан содырлары мұсылмандарды қынадай қырып жатыр
|
Орталық африка Республикасында өздерін христиан санайтын содырлар тобы мұсылмандарға қарсы тағы жорыққа шықты. Басынан бақайшағына дейін қаруланған содырлар 30-ға тарта мұсылманды өлтірді, қашып үлгергендері Конгомен арадағы шекара маңындағы Бангасса қаласындағы мешітке бас сауғалауда. Біріккен Ұлттар Ұйымының ОАР-дағы күрделі ахуалды реттеу жөніндегі арнайы миссиясының өкілі хабарлағандай, содырлар өздерінің ұйымына да шабуыл жасаған. "Жағдай қатты ушығып кетті, біз Бангассоны өз бақылауымызға алу үшін барлық мүмкіндікті қарастырамыз",- деді аталмыш миссия жетекшісі Парфаит Онанга-Аньянга. Бұл жайында Citizen ақпарат көзі хабар таратты. БҰҰ өкілінің айтуынша, христиан содырларының дені кәмелет жасына толмағандар және олар есірткі пайдаланған. "ОАР-дың азаматтық тұрғындары қарулы қақтығыстан зардап шегуде. Қарулы топ қыз-келіншектерді зорлауда. Дені мұсылман, шамамен 467 800 адам көрші елдерде босқын мәртебесін күтіп жатыр",- деді жуырда жарық көрген Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының баяндамасында.