Есірткі картелінің шеруі (видео)
|
Әлеуметтік желіде Мексикадағы ең ықпалды есірткі картелінің әскерилендірілген жасағының видеосы жарияланды. Интернет пайдаланушылардың назарын бандылардың мемлекеттің қарулы күштерінен кем түспейтін әскери техникасы мен арнайы формадағы сарбаздар аударған еді. Яғни, бандылардан гөрі әскери құрылымды еске түсірген. Басынан бақайшағына дейін мұздай қаруланған бандылардың бұл көрінісі, бейнелеп айтқанда, былайғы жұрттың иманын үйірді. Шын мәнінде ел билігі бандылардың қолында екенін әйгілеп тұрғандай еді. Бұл да насихаттың ең қауіпті түрі – жеңілмейтін айбынды әскер ретінде өзін басқа қырынан танытқан бандылар осылайша өз жағына жастарды тартып, лас тірліктеріне араластыратын болады. Осылайша мемлекеттің қарулы күштерінің өзіне бой бермейтін, өз мүддесін қорғауда қорқуды білмейтін күшке айналатынына ишара етіп , сес көрсетіп тұр. Бір қарағанда, видеодағы бандыларды елдің қарулы күштерінің жасағымен шатастырып алатындар да бар. Алайда, анықтап қараған адамға қылмыс әлемінде танымал әрі беделді Cartel de Jalisco Nueva Generacion (CJNG) есірткі картелінің логотипін байқайсыз. Бандылардың бұл «әскери шеруі» Мексика президенті Андрес Обрадордың 2009 жылы негізі қаланған аталмыш картел орналасқан аймаққа келу қарсаңында өтті. Осылайша Мексиканы заңды жолмен халық сайлаған президент емес, есірткі картелі билейтінін тұспалдап қыр көрсетті. Егер Уикипедия электронды анықтамада келтірілген дерекке сенсек, 2006-2011 жылдар аралығында, яғни, айналдырған бес жыл ішінде мексикалық есірткі картелдерінің өзара қарулы қақтығысынан және федералды қарулы күштермен қарулы қақтығыстан 48 мыңға тарта адам опат болған. Тағы бір айта кетерлігі, соңғы жылдары аталған елде тілін кәлимаға келтіріп, исламды қабылдап жатқан жастардың қарасы артып келеді. Өйткені, елдегі жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық пен есірткі картелдерінің жүгенсіздігінен, есірткіге тәуелділіктен,өзге арсыздықтар мен азғындықтан бас сауғалап, исламнан пана іздейді. Бұл жайында islam.kz порталы Daily Sabah ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етті.