ЕО мигранттардан неге бас тартпайды
ЕО мигранттардан неге бас тартпайды
6 жыл бұрын 2642 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Иммиграция проблемасы жаһандық мәселеге айналғалы қашан. Себептері де әр қилы: қаржы дағдарысы, экологиялық апат, жаһандық жылынудан орын алған климаттың өзгерісі, ресурстың жетіспеуі әрі әділ бөлінбеуі, су тапшылығы, азық-түлік тапшылығы, саяси жанжалдар мен қарулы қақтығыстар, құрғақшылық, аштық, індет, т.б. тізе берсеңіз, ұшы-қиыры көрінбейді. Кәрі құрлыққа ағылдандардың дені  Африка мен Азия тумалары. Бүгінгі таңда кәрі құрлықтағы мигранттардың қарасы Еуропа тұрғындарының шамамен бес пайызын құрап отыр. Олар еуропалық құндылықтар мен дүнеитанымға, қоғамдық қатынасына, мәдениетіне, өмір сүру салтына бейімделе алмай жатыр. Мигранттарға еуропалықтардан нәсілі де бөлек, түр-тұлғасы да басқа, киіну, тамақтану, т.б дағдылары да өзгеше, әлеуметтік құрылымы да айрықшаланып тұрады. Сол себепте, олардың еуропалық қоғамға сіңісіп кете алмай, үй ішінен үй тігіп алған: өз алдын бөлек кварталда өмір сүріп жатыр. Онда өздерінің заң-тәртібі, өздерінің қарым-қатынасы, өздерінің сенімі, т.б. үстемдік құрған. Сарапшылардың дені оларды интеграциялау мүмкін емесін алға тартып отыр. Бұл өз кезегінде демографиялық әрі мәдени экспанция қатерін тудырып отыр. Алайда, саясаткерлер бұған көзілдіріктің ар жағынан көзжұма қарауға мәжбүр. Біріншіден, миграциялық процесті тоқтату мүмкін болмаса, екіншіден, саяси ұпай жинау, т.б. себептер бар. Ең бастысы - өз аяғымен келіп тұрған еңбек ресурсынан бас тартпайды. Ол ол ма, еңбек ресурсы үшін күрес жүргізеді. Өйткені, еуропалықтар тез қартайып бара жатыр. Еуропалықтар мигранттардың келуіне мүдделі керек десеңіз. ЕО комиссары мәлімдегендей, 30 жылдан соң Еуропаға 50 млн білікті маман керек болады. Қазіргілердің орнын басуы үшін. Оның үстіне, мигранттар арзан жұмыс күші болып табылады жалақысы жоғары, түрлі әлеуметтік жәрдемге "мастанған" еуропалықтарға қарағанда. Десе де еуропалықтар мигранттардың бәрін бірдей көріп, құшақ жая қарсы алып жатқан жоқ. Өйткені, мигранттар арасында қылмыскерлер мен баскесерлер де, лаңкестер мен экстермистер де өріп жүр. ЕО билігі заңсыз келгендердің бәрін кері қайтаруға тырысқанымен бұған шамасы келмей отыр. Тек 40 пайызын ғана қайтара алған. Статистикалық дерекке қарағанда, қазіргі уақытта ЕО-да 8 млн заңсыз мигрант бар. Ал ЕО-да барлығы шамамен 19 млн мигрант өмір сүріп жатыр. 

0 пікір
Мұрағат