ЕО химиялық қару қолданғандарға санкциялаудың жаңа механизмін бекітеді
ЕО химиялық қару қолданғандарға санкциялаудың жаңа механизмін бекітеді
6 жыл бұрын 7245

26 қыркүйекте мақұлданатын жаңа механизм Брюссельдің кез-келген адамға қай елдің азаматы болғанына қарамастан жедел санкция салуына мүмкіндік береді.

Еуропа Одағының (ЕО) 28 елінің елшілері химиялық қару қолданғаны үшін санкция салудың жаңа механизмін бекітуге уағдаласты, деп хабарлайды Reuters.

Агенттіктің хабарлауынша, француз және британ шенеуніктері бұл шешім Ресей және Сирия сияқты елдердің химиялық қаруды бірнеше рет қолдануына байланысты қабылданғанын айтады.

26 қыркүйекте мақұлданатын жаңа механизм Брюссельдің кез-келген адамға қай елдің азаматы болғанына қарамастан жедел санкция салуына мүмкіндік береді. Санкция салынғандардың ЕО аумағына кіруіне тыйым салынып, Еуропадағы активтері бұғатталады. Қазіргі қолданыстағы ереже бойынша, химиялық шабуылға қатысы бар адамдардың қара тізімі ұлттық белгілері бойынша түзіледі. Осыған байланысты ЕО-ның кейбір елдері серіктес елдермен, әсіресе Ресеймен қарым-қатынасын бұзбау үшін қара тізімге алынған адамдарға қарсы шаралар қабылдауға асықпай отыр.

Дипломаттардың сөзінше, жаңа механизмге қосымша «Магнитский тізімі» сияқты адам құқығын бұзғандарды жазалайтын жаңа ереже қабылдануы мүмкін.

Reuters агенттігінің дерегіне қарағанда, әзірге Лондонның жаңа санкция тізіміне Ұлыбритания өз аумағында әскери мақсаттағы «Новичок» уын қолданды деп күдіктенетін Александр Петров пен Руслан Бошировты енгізуді ұсынатыны, не ұсынбайтыны белгісіз.

Биыл тамызда АҚШ 1991 жылы қабылданған, химиялық қару қолданған елдерге шара қолдануға рұқсат беретін заңға сай Мәскеуге қарсы санкциялар салған. Вашингтон мен көптеген Батыс елдері Лондонның «Солсбери қаласында ресейлік бұрынғы агент Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Скрипальге Ресей барлау қызметі химиялық қару қолданып, қастандық жасамақ болды» деген тұжырымын қолдаған. Вашингтон Мәскеу химиялық қаруды енді қолданбайтына кепілдік бермегендіктен және өз зертханаларына халықаралық бақылаушыларды жібермегені үшін қарашада Ресейге қарсы тағы да санкция салуы ықтимал.

0 пікір
Мұрағат