|
Энергетикасын қамтамасыз ету үшін ең терең бұрғы салған ел белгілі болды
|
Қытайдың Шыңжан аймағындағы Тарым ойпаңында орын тепкен Шендитаке – 1 ұңғымасының тереңдігі 10910 метрге жеткен. Бұл жайында islam.kz порталы South China Morning Post ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы хабарлағандай, 10 910 метр тереңдіктегі ұңғымадан мұнай мен газ өндіріледі - бұл кен орны жер бетінде бұрғыланған екінші терең ұңғыма болып саналады. Қытайдың батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Тарым мұнай кен орнындағы Shenditake 1 ұңғымасы Азиядағы алғашқы «аса терең» ұңғыма ретінда тарихта қалатын болды. «Бізге шамамен 10 000 метрге дейін бұрғылау үшін 270 күн қажет болды, ал соңғы 900 метрді үңгуге 300 күннен аса уақытымыз кетті», - деді ұңғыма менеджері Уан Шүншен. Мұншалықты жанкештілік елдің энергетикалық қауіпсіздігін ұлттық деңгейде қамтамасыз ету үшін керек болған. Кен орнын үңгу кезінде бұрғылау құралдарының талайы сынды, жер астындағы түрлі кедергілерді еңсеруге тура келген. Соның ішінде қауіпті газдың шығуын тоқтатуға көп ресурс кеткен. Әлемнің екінші экономикасы атанған Қытай энергетикалық ресурсқа деген қажеттілігін өтеу үшін мұнай шикізатының көп бөлігін Сауд Арабиясы мен Ресей Федерациясынан сатып алады. Өткен жылы Қытай 533 млн тоннасын импорттаған екен. Бұл көрсеткіш оның алдындағы жылмен (2023 ж.) салыстырғанда 1,9 пайызға аз. Ал ішкі өндіріс 212,8 млн тоннаға жетіп, 1,8%-ға артқан.