Енді пластикті пайдалануға және газдалған сусындарға салық салынады
|
Естеріңізде болса, осыдан бірер күн бұрын «Семіздік індетімен және сусамыр дертімен күресу үшін құрамында тәттісі көп өнімдер жарнамасына тыйым салынуы мүмкін» (сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/alem/semizdik-indetimen-jane-susamyr-dertimen-kuresu-ushin-quramynda-tattisi-kop-onimder-jarnamasyna-tyiym-salynuy-mumkin-12510/#gsc.tab=0) жариялаған материалымызда Сингапур билігінің балалар үйір келетін тәтті сусындар жарнамасына тыйым салу арқылы жылдан жылға жасарып келе жатқан, яғни, балалар арасында кеңінен тараған семіздік індетімен және сусамыр дертімен күресті күшейткен болатын. Осының жалғасындай тағы бір елде газдалған сусындарға салық салынатын болды. Италия билігі 2020 жылдан бастап газдалған сусындарға салық салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Осылайша семіздікке, сусамырға, бүйрек ауруына, т.б. апарып соқтыратын газдалған сусындарға майдан ашып отыр. Бұл жайында италиялықтардың Affari Italiani деп аталатын ақпарат көзі забар таратты. Бұл экономикалық шара өз кезегінде жылына аталған ел бюджетіне 250 млн еуро кіріс кіргізеді. Италияның білім беру министрі Лоренцо Фьорамонти көтерген бастама қолдау тапса, бұл салықтан түскен қаражат білім беру жүйесінің қажеттілігіне жұмсалатын болады. Бұдан бөлек, 2020 жылдан бастап, пластикті пайдаланған компанияларға, сауда орындарына, т.б. салық салынады. Осыған байланысты пластиктің әр келісі үшін 70 еуроцентке дейін салық төлейтін болады. Осылайша италиялықтар екі қоянды бір оқпен атып алуға бел байлап отыр: балалар денсаулығын сақтауда, қоршаған ортану қорғауда нақты қадам жасап, мемлекет қазынасын толтырудың қосымша көзін табу арқылы.