Енді Меккедегі Харам мешітінде гольф арбасымен тәуеп ете аласыз
|
Қасиетті Меккедегі Харам мешітінің жоғарғы қабатында өздігінен жүріп-тұруы қиын қарттар мен ерекше қажеттіліктері бар қажыларға қызмет көрсететін смарт гольф арбасы іске қосылды. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Saudi Gazette мерзімді басылымына жөн сілтеген Islam-Today ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Киелі қос мешіт істері жөніндегі бас басқармасы хабарлағандай, Қағбаны тәуеп үшін гольф арбасы қойылған жерге мұқтаж қажылар Әжиад экскалаторы арқылы, сондай-ақ, корол Әбдіәзіз қақпасының жеделсатысы мен Ұмра қақпасының алдындағы жеделсаты арқылы жете алады. Гольф арбасының жұмыс уақыты 12 сағат – күн сайын 16:00-ден 4:00-ге дейін. Бұл қызмет тек тәуеп жасау үшін ғана көрсетілетіні және оның құны бір адамға қосылған құн салығын қосқанда 25 риалды құрайтыны айтылған. Тәуеп үшін әрқайсысы 10 жолаушыға арналған 50 гольф арбасы бар.