Елдің әр азаматы енді шетелдіктерді бақылауға міндеттеледі
|
Ресей Федерациясының ішкі істер министрлігі ел тұрғындарын, дәлірегі, РФ-ның әр азаматын шетелден келген меймандар мен туристерді олардың келу мақсатына іс-әрекеті мен жүріс-тұрысы қаншалықты сай келетінін жіті назарда ұстап, қадағалап отыруға шақырды. Бұл жайында ресейлік «Известия» мерзімді басылымы хабар таратты. Бұл мәселеге қатысты заң жобасын үкімет комиссиясы мақұлдап отыр. Кейніріек аталмыш заң жобасына енгізілетін түзетулер үкімет мәжілісінде талқыланатын болады. Содан кейін мемлекеттік думаның қарауына жіберіледі. Аталған заң жобасына сәйкес шетелдік мейманды шақырған адам немесе заңды тұлға заң талабын орындамаса, айыппұл салынады. Яғни, жеке тұлға 2-4 мың рубл, ал заңды тұлға 400-500 мың рубл айыппұл салу қарастырылған. Ресей билігі халықты жансыздар арқылы үреймен ұстаған КСРО кезіндегі мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің репрессиялық тәсілін қайта тірілткендей болып, мұндай заң жобасын тықпалауына не себеп болды немесе қандай мәжбүрлікпен осындай қадамға барып отыр. Бұл жағы жұмбақ.