Екпеге қатысты шикілік әшкере болды
Екпеге қатысты шикілік әшкере болды
6 жыл бұрын 2921 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Қытайда құтыру дертіне қарсы екпе өндірумен айналысатын әрі аталған ел аумағында құтыруға қарсы екпе өндірісі бойынша екінші орында тұрған аса ірі Changchun Changsheng Life Sciences компаниясының шикілігі әшкере болып, аталмыш фармацевтикалық компанияның басына қара бұлт үйірілді. Қытайдың тағам өнімдері мен дәрі-дәрмекті бақылау жөніндегі мемлекеттік басқару (CFDA) сайтында жарияланған мәлімдеге қарағанда, аталмыш қадағлаушы орган тарапынан тексеруге ұшыраған Цзилинь (Гирин) провинциясындағы аталған компанияның бірқатар кемшілікке, соның ішінде, өнім сапасына қатысты кемшіліктерге жол бергені анықталған. Осыған байланысты компаниядан екпе өндіруді дереу тоқтату талап етілген. Сонымен қатар, жергілікті биліктен оның сертификатын қайтарып алу жөнінде талап қойылған. Аталған компания өндірген дәрі-дәрмек пен екпенің сапасы күмәнді болғандықтан халықтан ресми түрде кешірім сұрап, нарықтағы құтыруға қарсы екпе өнімдерін қайтарып алуда. Осы шалағайлықтың кесірінен компания 200 млн юан (30 млн доллар шамасында) шығын көріп отыр. Қытайдың орталық теледидар таратқан хабарға қарағанда, Changchun Changsheng компаниясы Changsheng Biotechnology компаниясының еншілес кәсіпорны болып табылады. Сондай-ақ, Changsheng Biotechnology пен оның еншілес кәсіпорындары екпе өндірісіне қатысты дау-дамайдың астында қалып отырғаны бұл бір емес: 2018 жылдың маусым айының 18-і күні Цзилинь провинциясының тағам өнімдері мен дәрі-дәрмекті бақылау жөніндегі құзырлы органы аталған кәсіпорынның дифтерияға, т.б. қарсы екпе өндірісіне қатысты тергеу амалдарын жүргізген. Сөз орайы келгенде айта кету керек, Қытай билігі 2016 жылдың сәуір айынан бері екпе өндірісіне қадалауды күшейткен болатын. 2016 жылдың ақпан айында Шандун провинциясында мерзімі өтіп кеткен, дәлірегі, Қытайдың 20 провинциясында 2011 жылдан бері сақтаулы тұрған екпелерді заңсыз сатқандар қолға түскеннен кейін. Тергеу кезінде белгілі болғандай, иммуноглобулиннің екі түріне және терапевтік өнім түріндегі біреуіне қатысты 12 екпені заңсыз сатқан әйел 19 жылға, ал оның сыбайласы болған қызы алты жылға бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек, мерзімі өтіп кеткен екпелерді 88 млн-нан аса долларға сатып үлгерген тағы 202 адам тұтқындалды. Олардың үстінен 192 қылмыстық іс қозғалды. Мұнымен ғана шектеліп қалмай, осы дау-дамайға қатысты 357 лауазымды тұлғаның қызметі төмендетілді немес жұмыстан шеттетілді. 

0 пікір
Мұрағат