Экономикасы туризмге барынша тәуелді елдер
|
Бүгінде мұнайға тәуелді елдерді екінің бірі біледі десек, артық айтпаспыз. Қазынасы мұнайдан түскен табыстың мөлшеріне қарай толып немесе ортайып отыратын елдердің өзі бірсыпыра. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Мұнайға тәуелділікітен құтылу үшін экономикасын әртараптандыруға күш салып, түрлі реформаларды қолға алып жатқан елдердің қатарында «біреуден ілгері, біреуден кейін» келеміз. Десе де әлемде біздегі секілді құдай бере салған қазба байлығы мен шикізаты жоқ елдердің кейбірі туризм саласынан түскен қаржымен-ақ жан бағып отырғанын айта кетпеске болмайды. Ондай елдердің қарасы да артып келеді. Туризм экономиканың жеңіл секторы десек, қателеспейміз. Зауыт салып, кәсіпорын ашып жатпайсыз, өндіріс деп, өткізу деп, бас қатырып жатпайсыз. Туристерге барынша жағдай жасасаңыз, жеткілікті. Десе де осының өзіне қол жеткізе алмай отырмыз. Сонымен ұлттық экономикасы туризм саласына ең тәуелді ел қай ел? Туризм және саяхат жөніндегі бүкіл әлемдік кеңестің (WTTC) сарапшылары Мальдивті бұл тізімнің басына шығарыпты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аталған елдің жалпы ішкі өніміндегі туризм үлесі 39,6%-ды құраған. Екінші орынға табан тіреген Сейшел аралдарында бұл көрсеткіш - 26,4%, Багам аралдарында — 19%, Сент-Люсии — 15%. Ал Еуропада туризмге ең тәуелді ел Мальта екен. Жалпы ішкі өнімге шаққанда туризмнен түскен табыс 14,2%-ды құраған. Одан кейінгі орынға Черногория (11%) мен Хорватия (10,9%) жайғасқан. Туризмге экономикасы тәуелді алғашқы он елдің құрамында Конго, Өзбекстан, Молдова, т.б. бар.