|
Экономикадағы технологиялық дилемма
|
Сарапшылардың пікірінше, Африка құрлығындағы халық саны ең көп ел – Нигерия билігі экономикалық тығырықтан шығу үшін технологияны экономиканы өсіру және жұмыс орындарын ашу секілді маңызды міндеттерді шешуде пайдалану мүмкіндігін қарастыруда. Бұл жайында islam.kz порталы The Punch ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. 2020 жылы аталған елде халық саны 200 млн-нан асты. Ал елдегі жұмыссыздық деңгейі 56,1%-ға жеткен. Цифрлы тансформация процесі елді дағдарыстан алып шығуы мүмкін. Осы орайда ақпарттық-коммуникациялық технология аталған ел экономикасының өсуіне ықпал еткен қуатты қозғаушы күшке айналғанын айта кетпекпіз: 2021 жылдың 4-ші тоқсанында Нигерияның жалпы ішкі өнімінің 9,88%-на жетті. Қаржылық технология, электронды коммерция және қашықтан жұмыс істеу мүмкіндіктері тек экономикалық салаларды ғана өзгертіп қоймай, миллиондаған адамдарды жұмыспен қамтуға ықпал етті. Мәселен, Нигериядағы Moniepoint қаржылық стартапы 1 млрд доллардан аса пайда тауып, күллі Африка бойынша ең шапшаң өсіп келе жатқан екінші компанияға айналды. QED Investors, Quantum Capital Partners және Global Ventures сияқты инвесторлардан 57 млн доллардан аса инвестиция тартқан Moniepoint-қа көрсетілген Google-дың қолдауын қоса алғанда, 110 миллион доллар инвестициядан кейін компания жұмыс орындарын құрып, қаржылық интеграцияға ықпал ете отырып, бүкіл Африка бойынша цифрлық төлем шешімдерін кеңейтуді көздеп отыр. Десе де сарапшылар осы заманғы озық технологиялық жетістіктер еңбек өнімділігін арттырғанымен, автоматтандыру процесі өз кезегінде жұмысшы күшін ығыстырып, жұмыссыздық проблемасын одан ары тереңдетуі мүмкін екенін ескертеді. SN Business & Economics мерзімді басылымында жарияланған зерттеу нәтижесі жұмыс күшіне қатысты түйінді тарқатпай, технологияны көзсіз енгізудің арты жақсылыққа апармайтынын көрсетіп берді: жұмыссыздық секілді әлеуметтік мәселені ушықтырады. Бұл мәселені шешу үшін сала көшбасшылары сандық дағдыларды оқытуға мейлінше инвестиция тартуы тиіс.