Эдити Полдың зерттеуі нені көрсетті?
Эдити Полдың зерттеуі нені көрсетті?
10 жыл бұрын 5217

Мичиган штатының университет ғалымы Эдити Пол (Aditi Paul) ғаламтор арқылы және нақты өмірде танысқан жұптардың арасындағы қарым-қатынасты салыстыра келіп, қандай айырмашылығы барын анықтады.  

Оның айтуынша, танысу сайты немесе әлеуметтік желілері – шынайы қарым-қатынас құруға аса қолайлы құралдар емес. Бұл жайындағы зерттеуінің қорытындысын Cyberpsychology, Behavior, and Social Networking ғылыми басылымдарында жариялады. Соңғы бірнеше жылдың ішінде ғаламтордың пайда болып, кеңінен қолданылуына байланысты әлеуметтік желілер арқылы танысу белең алып, сәнге, тіпті, салтқа айналған көрінеді. Танысу үшін міндетті түрде компьютердің алдында отыру шарт емес, ең бастысы, ғаламторға қосылған қалта телефоныңыз болса жетіп жатыр. Кей ғалымдардың көзқарасы бойынша мұндай жолмен танысқандардың арасындағы қарым-қатынас ұзаққа бармайды. Ал кейбіреулер үшін бүгінгідей бос уақыт тапшы қарбалас заманда техника мен технологияның берері көп деп отыр. Қалай десек те қақ жарылған пікір қайшылығы тиянақты тұжырым жасауға кедергі келтіруде. Міне, осы қайшылыққа нүкте қою үшін Эдити Пол өз зерттеуін жүргізген. Статисткалық мәліметтерге қарағанда, 10 америкалықтың біреуі танысу үшін арнайы сайттардың көмегіне жүгінген. Ал 15 америкалықтың біреуі сайт арқылы кездесу ұйымдастырған. Біріншіден, сайт арқылы немесе әлеуметтік желі арқылы сыңарын іздеген адамның таңдау мүмкіндігі көп болады. Ғаламтор арқылы осы артықшылықты пайдалана алады. Екіншіден, анкетаны оқу арқылы өзінің таңдаған адамның кім екенін алдын ала біліп, белгілі бір дәрежеде таңдау жасауына көмектесетін қорытынды шығаруға көмектеседі. Яғни, мүдде-мақсаттарының қаншалықты сәйкес келетінін салыстырып, өмір сүру салтын білуге, талғамының қандай екенін білуге мүмкіндік береді. Ең басты артықшылығы, ғаламтор арқылы танысқандар бір-бірімен шынайы өмірдегіге қарағанда еркін тілдеседі. Яғни, қысылып-қымтырылып жатпайды. Әрі ұтқыр қалжыңды ойлап табу үшін де уаақыт керек қой. Бұл жағына келгенде ғаламтор арқылы тілдесудің артықшылығы осында болса керек.  Профессор Эдити Пол How Couples Meet and Stay Together зерттеу дерегінің негізінде әлеуметтік желілерде танысуды және шынайы өмірде танысуды бастағандардың тағдырына үңіліп, талдау жасады. Сараптама нәтижесі нені көрсетті? Әлеуметтік желілер арқылы танысқан жұптар арасында отау құрып, шаңырақ көтергендері аз болып шыққан және ғаламтор арқылы танысып, үйленген жұптар арасында ажырасқандардың да қарасы аз болмаған. Нақты санмен өрнектесек, зерттеу қорытындысы мынадай (бұл арада 2923 адамға сауал қойылған, солардың жауабы негізінде): көшеде немесе кафеде танысу арқылы үйленгендердің қарасы 67 пайызды құраған, ал ғаламтор арқылы танысқандардың тек 32 пайызы ғана отау құрып, шаңырақ көтерген. Ажырасу деңгейінде де айырмашылық болып шыққан: шынайы өмірде танысып үйленгендер арасындағы бұл көрсеткіш алғашқы үш жылдың ішінде бар-жоғы екі пайыздан аспаған. Ал әлеуметтік желі арқылы танысып жұп құрғандар арасында бұл көрсеткіш – 8 пайыз. Эдити Пол үйленіп, үй болмаса да шынайы өмірде танысып, қарым-қатынасты үзгендердің қарасы 25 пайыз екенін анықтаған, сонымен қатар, әлеуметтік желілер арқылы танысып, қарым-қатынасын үзгендердің қатары – 32 пайыз. Сонымен ғалымның түпкілікті тұжырымы қандай? Қадірменді профессордың айтуынша, әлеуметтік желілер мен танысу сайттарының пайдалы жақтары мен зиянды жақтарының барын да алға тартып отыр: сыңарын таңдауда үлкен мүмкіндік бергенімен анкеталардағы деректер жалған болып шығуы көптеп кездеседі. Бұл өз кезегінде танысқысы келген адамды түрлі күмәнді ойларға жетелеп, нақты таңдау жасауына кедергі келтіреді екен. Осыған байланысты жұптасып тірлік кешкендер бір-біріне көбінесе сенімсіздікпен қарайды.

Сіз бұған не дейсіз, оқырман. Пікір білдіріңіздер.

1 пікір
  • Әлеуметтік желі - адамның шын бет-бейнесін көрсете алмайды. Ең дұрыс танысып-білісуді шариғатымыздан алған жөн.
    10 жыл бұрын
Мұрағат