Джон Садворттың Қытайдағы мұсылман лагерлері туралы арнайы репортажы
|
Қытайда қысым көріп жатқан мұсылман халықтары туралы әлемдік ақпарат аз жазған жоқ. Жуырда ғана BBC телеарнасының журналисі Джон Садворттың Қытайдағы мұсылман лагерлері туралы арнайы репортажы жарыққа шықты.
Бүгінде Қытайда жүз мыңға жуық мұсылман халықтары жабық лагерлерде “тәрбиеленіп жатыр”.
Ал, репортажда Қытайдың Синьцзян қаласындағы лагерлердің бірі көрсетілген. Журналистің айтуынша, онда сырт көзге ешкім зардап шекпеген, керісінше, көмек алып жатқандай көрсетуге тырысады. Және ондағы адамдар көбіне "экстремизмен зардап шеккендіктен, көзқарасымды өзгертуге келдім" деп сұхбат береді. Бірақ, олардың әр айтқан сөзін қытай билігінен келген өкілдер қадағалап тұрғанын айтады.
Қазір аталған лагерде қазақ, ұйғыр және тағы басқа аз халықтың өкілдері бар. Оларға негізінен қытай тілі мен тиым салынған дін туралы заңы оқытылады.
Ал, журналистің "Егер мұндағылар өз еркімен кете алмаса, түрмеден не айырмашылығы бар?" деген сауалына Махемути атты оқытушы "көпшіліктің бұл жерді неге түрме деп атайтынын түсінбеймін. Бұл негізінен білім беру орталығы" дейді.
Соңғы жылдары Синьцзянда лагердің бүтіндей жүйесі қалыптасқан. Бірақ журналистке көрсеткен лагерь басқалардан сәл өзгеше. Мәселен, ондағы бой жазатын алаңға жақында ғана спорт нысаны орнатылған. Осыдан соң журналист бұл лагер тек сырт көзге көрсету үшін жасалған деп күдіктенетінін айтады.
Сол лагерлердің бірінде болған Рахим Сенбай қазір Қазақстанда тұрады. Ол телефонында whatsap желісі болғаны үшін бас бостандығынан айырылған. Оның айтуынша лагердегі көңілді атмосфера тек билік өкілдері мен журналистер келгенде ғана болады.
Рахима Сенбай:
- Біреу келетін кезде бізге алдын-ала “біздің айтқанымызды орындайсыңдар. Әйпесе, бұдан да жаман жағдайға тап боласыңдар” дейді. Сосын біз олардың айтуымен ән айтып, би билейміз...
Ал, қытай билігі бұл лагерден қайтарылғандар қоғамға басқаша көзқараспен қарайтын болады дейді.