Демократия ошағында либерализмге қауіп төнді: Еуропа азаматтық соғыс қарсаңында тұр ма
|
Кәрі құрлықта демократиялық және автократиялық мемлекеттер қақтығысына алып келетін азаматтық соғыс белгілері пайда болды. Бұл жайында Страсбург қаласында өткен Еуропарламент жиынында Франция президенті Эммануэль Макрон мәлім етті. «Еуропада азаматтық соғыс жүріп жатқандай әсер қалдырады. Біздің алауыздығымыз, ұлттық эготизм біртұтас майданды сақтаудан гөрі маңызды көрінеді»,- деп мәлімдеді. Франция басшысы бұл сөзімен Ұлыбританияның Еуропалық одақ құрамынан шығуын, Венгриядағы және Италиядағы жуырда өткен сайлауда еуроскептиктердің жеңісін, Польшамен арада тәуелсіз сот билігіне қатысты орын алған жанжалды меңзегені анық. Еуропада мұндай саяси оқиғалардың орын алуы нені көрсетеді? Эммануэль Макронның сөзіне қарағанда, либералды-демократиялық құндылықтар ошағы ретінде Еуропа концепциясына қауіп төніп тұр. Осылай дей келе ол Еуроодақты нығайту үшін ЕО бюджетін толықтырудың қосымша жолы ретінде цифрлы экономикаға салық енгізуді ұсынды. Сондай-ақ, әскери ынтымақтастықты арттырып, еуроны нығайтуға басымдық беруді де ұсынды.