«Дедовщинаға» қарсы реформа
«Дедовщинаға» қарсы реформа
5 жыл бұрын 2454 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

КСРО кезінен «мұраға» қалған әскердегі әлімжеттік әлі күнге ескінің сарқыншағындай болып, казармаларда елес болып кезіп жүр. Өтірік дей аласыз ба? Әскердегі әлімжеттік өз кезегінде отан алдындағы борышын өтеуге барғандардың сағын сындырып, оның кейін толыққанды сарбаз болып қалыптасуына салқынын тигізетін әлеуметтік кесел десе болады. Бұл орайда Үндістанның қорғаныс саласында, яғни, қарулы күштер, дәлірегі, жаяу құрлық әскер сапында аса ірі реформа қолға алынып жатыр. Үнділердің NDTV Khabar ақпарат көзінің хабарына қарағанда, аталған елдің қарулы күштерінде адам құқығын қорғайтын құрылым ашылады. Аталмыш құрылымды генерал-майор шеніндегі әскери адам басқаратын болады. Ол өз кезегінде жаяу құрлық әскері штабы жетекшісінің орынбасарына тікелей бағынады. Үндістанның қорғаныс министрі Раджнатх Сингх үнді әскерінің жауға дер кезінде тойтарыс беруге сақадай сай әскери дайындығын көтеруге бағытталған реформаның басқа да аспектілерін мақұлдап отыр. Соның ішінде, жоғары шенді әскерилер арасындағы жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықпен күресетін бөлімше құрылады. Үнділерге қатысты жаңалық мұнымен ғана шектелмейді. Тек қорғаныс саласында ғана емес, сонымен қатар, ішкі істер саласында да ішінара ілгерлеушілік бар: аталған елдің ішкі істер министрі Амит Шах штаттар билігіне балаларға қарсы жасалған қылмысты тездетіп тексеру, тергеу процедурасын әзірлеуді тапсырды. Яғни, жедел тәртіпте тек ауыр қылмыс жасағандардың, яғни, 12 жасқа дейінгілерді зорлағандардың ісі екі ай ішінде қаралады. Сөз орайы келгенде нақтырақ әрі тарқатып айта кетсек, балаларға көрсетілетін жыныстық зорлық-зомбылық Үндістанда кеңінен тараған әлеуметтік дерт болып тұр. Жыл сайын аталған елде зорлау оқиғасы бойынша 40 мыңдай қылмыстық іс қозғалады екен. Олардың жартысы балаларға қатысты. 2018 жылы Жамма және даулы Кашмир штаттарында мұсылман қыздарды зорлап, өлтіру оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірген болатын. Осыдан кейін ел билігі 12 жасқа дейінгілерді зорлағандарға өлім жазасын енгізген болатын. 16 жастан кіші қыздарды зорлағандарға берілетін ең жеңіл жазаның өзі – бас бостандығынан айыру мерзімі 7 жылға дейін ұзартылған болатын. Ал 12-16 жас аралығындағы жасөспірімдерді зорлағандар жиырма жылға дейін абақтыға жабылады.

0 пікір
Мұрағат