ДДҰ маймыл шешек вирусына байланысты жаһандық төтенше жағдай жариялады
ДДҰ маймыл шешек вирусына байланысты жаһандық төтенше жағдай жариялады
4 ай бұрын 1113 inform.kz Жарасқан Нұрыбаев, Эльмира Оралбаева

KAZINFORM – Африкада кең таралған, әсіресе Конго Республикасында әсерін күшейткен маймыл шешек вирусына (M-pox) байланысты жаһандық төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы kaz.inform.kz агенттігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДҰ) сілтеме жасай отырып хабарлады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебреисуске ДДҰ Төтенше комитеті M-pox вирусына қарсы төтенше жағдай орнатуға кеңес бергені және ол ұсынысты бірден қабылдағаны атап өтілді.

Директор Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрған Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет отырысының қорытындысы бойынша Африкада және басқа аймақтарда маймыл шешегінің одан әрі халықаралық деңгейде таралу әлеуетіне баға берді. Оның айтуынша, Конго Демократиялық Республикасында M-pox вирусын жұқтыру жағдайлары 10 жылдан астам уақыт бойы тіркеліп, жылдан жылға көбейіп келеді.

– Өткен жылмен салыстырғанда тіркелген аурулардың саны айтарлықтай өсті. Науқастардың саны 14 мыңнан асады. Ауруға байланысты 524 өлім анықталды, – делінген ДДҰ хабарламасында.

Негізінен денеде вирус тудырған бөртпелерге қол тигізу, осы бөртпелермен ластанған киімдерді, төсек-орындарды, сүлгілерді және сол сияқтыларды пайдалану аурудың таралуына себеп болады.

Вирустың алғашқы белгілері 5-21 күнде пайда болады. Маймыл шешек әдетте жоғары температураны, бас ауруын, арқа мен бұлшықеттердің ауырсынуын, лимфа түйіндерінің ісінуін, шаршауды, қалтырауды және сушешек тәрізді тері бөртпелерін тудырады. Арнайы емі жоқ, бірақ ауру вирусқа қарсы препараттармен емделеді. Көп жағдайда ауру жеңіл өтеді және науқастар бірнеше апта ішінде қалпына келеді.

ДДҰ 2022 жылы маймыл шешегінің атауын M-pox деп өзгертті.

0 пікір
Мұрағат