ДДСҰ: ӘЛЕМДЕ 40% АДАМ АЛЛЕРГИЯДАН ЗАРДАП ШЕГЕДІ
|
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше жер бетіндегі халықтың 40 пайызы аллергиядан зардап шегеді. Бұл туралы Хабар24 ақпарат көзі хабарлады.
Әрбір үшінші адам тыныс жолдары ауруларымен, әрбір оныншы адам бронхиалды астмамен ауырады екен. Мамандар дертке қоршаған ортаның ластануы, тағам құрамындағы химиялық қоспалар, күйзеліс және зиянды еңбек жағдайы әсер етеді, деп санайды.
21 жасар Ілиас Кеңес аллергияның зардабын көптен тартып келеді. Тал-теректің ерте жайқалған шағында оның денесі бөртіп, мұрны бітеледі, тыныс жолы тарылады. .
Ілиас Кеңес, қала тұрғыны: - Көктем және жаз айларында өте қатты асқынады. Неге аллергия екенін білмеймін. Далаға шыға алмаймын. Көзімнен жас ағады. Түшкірем бірден.
Аллергия белгілерін өзінен 17 жасынан байқаған. Алайда, неден қозатыны белгісіз.
Ілиас Кеңес, қала тұрғыны: - Қандай өсімдікке аллергия бар екенін анықтау үшін пробалар тапсыру керек. 3-5 мыңның аралығында. Терапевтке бардым бір ай бұрын. Терапевт мені аллергологқа жазу керек болған. Бірақ, үлкен кезек онда. Сол ғаламтор арқылы өзім айтқандай шешімін іздеп, өзім емделіп жүрмін.
Елімізде аллергиямен ауыратындар саны жыл сайын көбейіп келеді. Отандық диагностикалық зертхананың мәліметінше, бір жыл ішінде 48 000 науқастың аллергиясы бар екені анықталды.
Мәнсия Сәкенова, зертхана өкілі: - Аллергияны емдемесе, адам көптеген шөптер мен ағаштарға сезімталдығы пайда болады. Мысалы, біздің зертханамызда бір ағаш немесе шөпке емес, 11, 8 түрлі шөпке аллергиясы бар адамдар анықталды. Бұл өте қиын жағдай. Аллергияны міндетті түрде емдеу керек. Өйткені, оны емдемесе, пациентте бірте бірте астма пайда болуы мүмкін.
ГРАФИКА:
Тозаңдық аллергендерге сезімталдығы бар адам саны 23 000
Арамшөп 61 % Астық тұқымдас шөп 22 %
Ағаш тозаңы 17%
АРАМШӨП
Жусан 49 %
Көкпек 20 %
Ойраншөп 12 %
Бақбақ 8 %
Астық тұқымдас шөптер:
Атқонақ 46 %
Торғақшөп 22 %
Су бетеге 18 %
Қоңырбас 8 %
АҒАШ ТОЗАҢЫ:
Қайың 57 %
Үйеңкі 22 %
Терек 20 %
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес Қазақстанда 23 мың адамда тозаңдық аллергендерге сезімталдық байқалды. Науқастардың 61%-нда арамшөптерге, 22%-нда астық тұқымдас шөптерге, 17%-нда ағаш тозаңына аллергия бар. Бұдан бөлек, дәрі-дәрмектерге, жан-жануарларға, күннің көзіне, тіпті суға аллергиясы бар адамдар кездесіп жатады.
Назира Нұртазинова, аллерголог-дәрігер: - Маусымдық аллергия жаз және көктем кездерінде пайда болады. Аллергиядан емделуге болады. Аллергияны емдемес бұрын, бірінші біз науқастың нақты шағымдарын сұрап алуымыз керек. Алергияның болдырмау шаралары – дұрыс тамақтану, стрессті азайту, әр түрлә зиянды заттарды, дәрі дәрмектерді ретсіз қолдану.
Аллергия деген өте күрделі дерттердің бірі болып есептеледі. Оны анықтау үшін науқасты ұзақ жылдар бойы бақылау керек. Алайда, дәрігерлердің айтуы бойынша, оны емдеу қиынға соғады.
Айжан Бірлікқызы, тілші: Мамандар аурудың тұқым қуалайтындықтан, ем алмаса бірер жылда әр 3-інші қазақстандықта аллергия пайда болуы мүмкін дейді. Лас ауа, зиянды азық түлік, көшедегі қоқыс, аллергендердің нағыз ошағы. Тіпті, сабырсыздық та себепші болуы мүмкін. Көптеген адамдар алергияға мән бермей, жүре береді. Алайда, оны емдемесе, күрделі ауруларардың асқынуына әкеп соғуы мүмкін.
АЛЛЕРГИЯ - ҒАСЫР ІНДЕТІ
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2025 жылға қарай адамзаттың тең жартысы аллергияға шалдығуы мүмкін деп санайды. Ал сарапшылар алдағы 100 жылда бұл індет одан бетер асқынып кетеді деп отыр. Әлемдегі адамдардың 30 пайызы аллергияға шалдыққан. Көз қышып, жас ағызып, мұрынды бітеп, жөтелдіре беретін түрі кеңінен таралған. Бұған шаң, үй жануарлары, шыбын-шіркейдің тістегені, тамақ немесе дәрі-дәрмек себеп. Бірақ, көп жағдайда өсімдіктің әсері жоғары. Мұны ғылымда поллиноз деп атайды.
Германияда өсімдік тудырған аллергия
Өсімдік аллергиясы Германия тұрғындарының 15 пайызын мазалап жүр. Бұл арнайы орталықтың мәліметі. Аллергендердің таралуына климат өзгерісі де әсер етеді. Әсіресе, желмен тозаңданатын ағаштар, дәнді және арамшөптер гүлдегенде қиын. Германияның Денсаулық сақтау министрлігі аллергиямен күресу үшін арнайы іс-шаралар жоспарын қабылдаған.
Тамақ өршіткен аллергия
Тамақ та аллергия тудырады. Соңғы дерекке сүйенсек, әлемде 250 миллион адамға ас жақпайды. Еуропада 17 миллион тұрғынның өсімдікке аллергиясы бар. Ал АҚШ-та одан 2 есе көп. Бұдан басқа бұл індет Канадада кең таралған. Химиялық қоспалар мен өзгертілген гендер тамақтың табиғи қалпын бұзады. Тұқым қуалаушылық та бар.
АҚШ-та дәрі-дәрмекке аллергия
Жаһан жұртының 20 пайызының ағзасы дәрі-дәрмектің әсерін көтере алмайды. Бұл көрсеткіш дамыған елдерде жоғары. Дәрі-дәрмекті шамадан тыс керексіз қолдану аллергияға шалдықтырады. Мұндайлар АҚШ, Қытай мен Жапонияда көп кездеседі.
Аллергияның пайда болу себептері
Аллергияның пайда болу себебі туралы әзірге тұрақты тұжырым жоқ. Бірақ, бірнеше ғылыми теория бар. Көп жағдайда гигиенаны қатты ұстану бала ағзасының қорғаныс қабілетін бұзады. Иммундық жүйе бактериялардың қауіпті-қауіпсізін айыра алмай қалады. Екінші себеп - Д дәрумені жетіспейді. Үйкүшікке айналған адамдар күн сәулесінен тарайтын бұл витаминге қатты зәру. Мамандар алдағы 10 жылда аллергияға шалдығатын адамдардың, әсіресе, балалардың күрт көбейетінін ескертеді.