Дәстүрлі христиан елінде ислам негіздері оқытыла бастады
|
Испанияның Каталония аймағындағы мемлекеттік мектептер мен білім ошақтарында дінаралық татулықты насихаттау мақсатында ислам негіздері оқытыла бастады. Бұл жайында islam.kz порталы islam.ru ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Generalitat de Catalunya (DOGC) ресми мерзімді басылымында қарар түрінде жарияланған білім беру департаментінің жоспарында айтылғандай, бастауыш сыныптарға ислам негіздері 2020/2021 оқу жылында оқытыла бастаған. Бұл бастама Барселона, Баш-Льобрегатте, Жиронда және Таррагонде де жалғасын табатын болады. Алдымен тәжірибе ретінде оқытылады. Бұл бастама аталған елдегі мұсылман жамағаты мен испан қоғамы арасындағы келісім негізінде жүзеге асырылып жатыр. Испаниядағы ислам қауымдастығы (UCIDE) келтірген дерекке қарағанда, бұл елдегі мұсылмандар қарасы жалпы халықтың санына шаққанда 3,8 пайызды құрап отыр. Испаниядағы мұсылмандардың 40 пайызын байырғы халық өкілдері, яғни, испандықтар құраса, қалған 60 пайызы – иммигранттар.