Cанаулы жылдар ішінде бір ғана Еуропаға босқан мигранттардан қанша адам қаза тапты
Cанаулы жылдар ішінде бір ғана Еуропаға босқан мигранттардан қанша адам қаза тапты
2 жыл бұрын 1084 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

2014 дылдан бері кәрі құрлыққа ағылған босқындардан 29 мыңнан аса адам опат болған. Бұл жайында islam.kz порталы Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Халықаралық көш-қон ұйымының таяудағы баяндамасында келтірілген деректерге сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Баяндама авторы Жулия Блек атап өткендей, бұл статистика босқындар қауіпсіздігі үшін заңды көші-қон жолдарын құрудың шұғыл қажет екенін тағы бір еске салады. Яғни, босқындарға арналған халықаралық дәліз болуы керек. Сол кезде шекараны заңсыз кесіп өту фактілері азайып қана қоймай, сонымен қатар, мигранттардың нақты санын білуге мүмкіндік береді. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, 2021 жылдан бері 2836 мигрант Еуропаға барар жолда, дәлірегі, Орталық Жерорта теңізінде суға кетіп қайтыс болды немесе із-түссіз жоғалып кеткен. Бұл көрсеткіш аталған аймақта 2262 адам қайтыс болған 2019-2020 жылдармен салыстырғанда көп. 2021 жылдан бері Батыс Африкадан Испанияның Канар аралдарына көшуге бағыт алған босқындардан 1532 мигрант қаза тапқан. Бұл ретте іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілмеген кездегі көзге көрінбейтін деп аталатын кеме апаттарын тексерудің өте күрделі процедурасын ескере отырып, қаза болғандар саны туралы мәліметтер толық емес екені атап өтіледі. Босқындар арасындағы өлім-жітімнің артуы басқа көші-қон жолдарында да тіркелді. Бір ғана Грекия мен Түркия шекарасында 2021 жылдан бері 126 босқын ажал құшқан, бұдан бөлек, Балқан түбегінің батыс бөлігіндегі көші-қон жолында – 69, Ла-Манш арқылы өтпек болған кезде – 53, Беларустің ЕО елдерімен шекарасында – 23 мигранттың дәм-тұзы таусылған, яғни, көз жұмған. Барлығы 5 684 мигрант Еуропа елдеріне жетуге талпынған кезінде, сондай-ақ, 2021 жылдан бастап тікелей Еуропаға көшу кезінде қайтыс болды.

0 пікір
Мұрағат