БҰҰ Бас хатшысы лауазымына үміткерлердің есімдері белгілі болды
БҰҰ Бас хатшысы лауазымына үміткерлердің есімдері белгілі болды
8 жыл бұрын 6781 24.kz

Біріккен ұлттар ұйымының Бас хатшысы орнына ресми үміткер алты тұлғаның есімі белгілі болды. Қалыптасқан дәстүр бойынша жоғары халықаралық лауазымға Біріккен ұлттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты мүше елдер – АҚШ, Қытай, Ресей, Франция және Ұлыбритания өкілдері сайланбайды. Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының төрағасы Могенс Люккетофттың мәлімдеуінше, бұл жолы үміткерлердің барлығы Шығыс Еуропа аймағынан. 12-14 сәуір аралығында ұйымға мүше елдердің өкілдері үміткерлермен кездесулер өткізеді. Могенс Люккетофт, БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы: - Үш әйел мен үш ер адам. Бұл бұрынғы югославиялық Македония республикасынан Срджян Керим, Хорватиядан Весна Пусич, Черногориядан Игор Лукшич, Словениядан Данило Тюрк, Болгариядан Ирина Бокова және Молдова Республикасынан Наталья Герман. Бас Ассамблея төрағасы алдағы екі аптада осы орынға бақталас тағы да үміткерлер шығуы мүмкін екенін хабарлады. Біріккен ұлттар ұйымының жаңа Бас хатшысы 2017 жылдың қаңтар айында өз міндетін орындауға кіріседі. Қазір Корея республикасынан шыққан Пан Ги Мун осы лауазымдағы екінші мерзімін атқарып отыр. Ал оның алдында ұйымды Батыс Еуропа, Африка және Латын Америкасының өкілдері басқарған болатын.

0 пікір
Мұрағат