Бұлар бізден емес! (Видео)
Бұлар бізден емес! (Видео)
10 жыл бұрын 9768

«Ирақ-Сирия Ислам мемлекеті» (ИСИМ) деп танылған радикалдық ұйым тіпті шектен шықты. Халифалықты көксеген бұл радикалдар жазықсыз жандарды айуанша атып, қынадай қыруда. Қасиетті Қағбаны қиратамыз деп қағынып бастаған бұл топтың төмендегі видеосында жүрек шайлықтырар көріністерін көре аласыз. «Жиһад» деп ұран қаққан әумесерлер мешіттер мен ғимараттарды жарып, тілінде кәлимасы бар мұсылмандарға оқ дарытуда. Жолда кетіп бара жатқан жолаушыларды да жазықты-жазықсыз демей, кінәлі-кінәсіз демей, жайпап салады. Ислам атын жамылып, Алла мен Пайғамбар есімін ту қылып ойына келгенін істеп, ойран салып жүрген бұл жын иектегендердің әрекеттері адам жиіркенерлік. Істің парқына бармаған жандарды діннен бездіреді.

Батыстың бұқаралық ақпарат құралдары бұлардың әрекеттерін мұсылманшылыққа қатысы бар-жоғын таразылап жатпастан, бәрін «сүнниттер» деп сипаттап әлемге паш етуде. Бірдің кесірі мыңға дегендей, бұлардың ылаңы исі мұсылманға кір келтіруде. Олардың жасап жүргендері дін үшін соғыс емес, дінге қарсы қиянат. Тіпті олардың өлтіріп-қырып жатқандары тілін кәлимаға келтірген мұсылмандар! Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім бір мүминді қасақана, нақақтан нақақ өлтірсе, оның жазасы мәңгілік жаһаннам! Ол Алланың кәріне және қарғысына ұшырайды. Алла оған ауыр азап әзірлеп қояды», – дейді (Ниса сүресі, 93-аят). Мұсылманды былай қойғанда бейбіт жатқан өзге діндегілердің өзін өлтіруге ислам діні қатаң тыйым салады. Исламда негізгі ұстаным – бейбітшілік. Бұл туралы Алла Тағала былай дейді: «Егер олар сендерден аулақ тұрса, әрі сендермен соғыспаса, тіпті сендермен бейбіт тұруды ұсынса, онда Алла Тағала сендердің оларға шабуыл жасауларыңа ешқандай жол бермеді» («Ниса» сүресі, 90-аят).

Алла Тағала өзге дін өкілдерімен бейбіт ғұмыр кешуді былай қойғанда, мұсылмандардың оларға жақсылық әрі әділдік танытуларына қарсы еместігін білдірген.

«Дін турасында сендермен соғыспаған әрі сендерді өз отандарыңнан қуып шығармаған адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділетті болуларыңа Алла тағала қарсы емес. Өйткені, Алла тағала әділеттілік жасағандарды жақсы көреді», – дейді Алла Тағала («Мүмтахина» сүресі, 7-аят).

Бұл содырлардың дінге, тіпті қарапайым адами санаға қайшы жан түршігерлік айуани әрекеттерінен олардың қандайда бір қара ниетті алпауыт ұйымдардың қуыршағы екенін көреміз. Өзін халифа жариялаған Әбу Бәкір әл-Бағдадидің бұған дейін АҚШ елінде төрт жылға жуық абықтыда отырғандығының өзі ойлы адамға көп мәселенің басын ашып берері анық.

Біз ИСИМ радикалды ұйымының бұл әрекеттерін айыптаймыз. Олардың тірлігі мұсылманшылыққа бес қайнаса сорпасы қосылмайды. ОЛАР БІЗДЕН ЕМЕС! Себебі, Пайғамбарымыз «мұсылман» деп тілімен де, қолымен де өзгеге зарар тигізбегенді айтқан. Ендеше, білімсіз жастарымыз жалған ұрандарға алданып, адаспаса дейміз!

11 пікір
  • Құдай сақтасын!
    10 жыл бұрын
  • Кезінде Осман Испериясына қарсы жасақталған уаһаби ағымын құрған Абдулуахабтың да әскері дәл осындай болған. Олар да қабір, күмбез, мазары бар мешіттерді қиратумен бастаған. Қаншама сахабалардың қабірлері бұзылды. Бәрін ширк деді, бидғат деді. Өзіне бағынбағандарды асты, атты. Тарих қайта сахнаға шықты. Сол кездегі ағым тағы бас көтерді. Уаһабилер де сол кезде Осман империясын құлату үшін, мұсылмандардың атына кір келтіру үшін, мұсылмандарды бөлу үшін, ыдырату үшін, алауыз ету үшін ағылшындардың қуыршағы болған еді. Сол сценарийді бүгінде бұлар ИСИМ арқылы жүзеге отыр. Аль-Бағдади дегенің де ЦРУ-дің агенті екені белгілі болып қалған еді өткенде. Дәл сол секілді Абдулуаһабты айтақтап отырған Хемпер де ағылшын шпионы болған.
    10 жыл бұрын
  • Алла озi сактасын.
    10 жыл бұрын
  • Бұлар Пентагонның қаржысына қарын тойдырып арам ақшаға азғындаған хайуандар ғой. Бұл АҚШ-тың араб елдерінде тоқырау жасау жоспарының бір бөлігі. Мұндағы мақсат, әлемдегі исламофобияны бұдан әрі ушықтырудың әрекеті. Әрі мұнайлы елдердегі тоқырау арқылы ондағы ықпалын арттырып, ешбір мемлекеттік салықсыз мұнайды су тегінге АҚШ-қа айдаудың бір ұштығы.
    10 жыл бұрын
  • Олардын барин олардын мемлекеттери атып тастаса болмай ма? Бизде журген олардын кушиктерин остиртпей, отыргызып тастаса немесе ана дуниеге аттандыру керек кой!
    10 жыл бұрын
  • масқара!
    10 жыл бұрын
  • Адам құндылықтарын Ислам діні сияқты қорғайтын дін жоқ еді. Ал мына жартыбастар..... бірақ Ислам дінін жамылып дінді сорақы қылып көрсететін жамағаттар ғой.
    Бір адамды өлтірген адам бүкіл үмметті өлтіргеннің күнәсін алады, ал бір адамды өлімнен құтқарған адам бүкіл үмметті қлімнен құтқарғанның сауабын алады (хадис)
    10 жыл бұрын
  • Астағфирулла, бұл қай мемлекетте болған оқиға?
    10 жыл бұрын
  • Жүрек ауырады .......дінімізді дұрыс түсінбей ,озбыр әрекеттер жасап масқаралап жатыр.....адамның өмірі шыбынның жанынан да құнсыз болғаны ма сонда?.....Аллах тағала барша халықты жамандықтан сақтасын!Әмин!
    10 жыл бұрын
  • Язудилердын кылыгы аз болгандай...
    10 жыл бұрын
  • ассаламу алайкум! Құрметті сайт әкімшілігі, бейнені қоярда кодты көшірер кезде ұқсас бейнелер дегендегі белгіні алып тастасаңыз тек сайтқа қойған бейне ғана көрсетіледі
    10 жыл бұрын
Мұрағат