Бұл бассыздыққа кім жауап береді?
|
Әлеуметтік желілерде Мәскеу қаласындағы мұсылмандарға қасиетті Рамазан айында ораза ұстауына кедергі келтіріліп жатқаны жөнінде ақпарат пайда болды. Бұл жайында Федералды ақпараттар агенттігі хабар таратты. Мәселен, Facebook әлеуметтік желісінде Мәскеудегі шешендер жетекшісі Азамат Минцаев видеороликке берген түсініктемесінде ОМОН мен полицияның «Веселый Бабай» мейрамханасында ауыз ашарда отырған мұсылмандарға тап беріп, етпеттерінен жатқызып, қолдарын қайырып, қорлағанын айтып берді. Мұнымен ғана шектеліп қалмай, оларды түні бойы қамап ұстаған. Ол ол ма, күндіз күні бойы ораза ұстаған олардың ас ішуне мүмкіндік бермегені былай тұрсын, су да татырмаған. Шешен жастары жетекшісінің сөзіне қарағанда, бірге ауыз ашып, бірге құлшылық етпек болып, бас қосқан елу шақты адам тұтқындалған. Оларды тек таңғы сағат жетілер шамасында босатқан. Өйткені, оларға қандай да бір айып таға алмаған. Полицияның бас ал десе, шаш алатын әпербақан әрекетінен мұсылмандар аш қалған. Сәресі уақыты өтіп кеткендіктен олар ертеңінде аш қарынмен ораза ұстауға мәжбүр болған. Блогердің жазуынша, жазықсыз тұтқындалғандар арасында қорғаушы (адвокат), мұғалім, спортшы, студенттер болған. Азаматтың айтуынша, тұтқындалғандардың бірі полицияның бұл әрекетіне наразылық білдіргенде тәртіп сақшылары одан: «Сотталып па едің?» - деп дөрекілік көрсеткен. Ол өзінің сотталмағанын айтқанда: «Сотталмасаң, соттаймыз, бұл қолдан келеді», - деп қорқытқан. Азамат Минцаевтың сөзіне қарағанда, полиция Мәскеу қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Якуниннің нұсқауымен әрекет еткен.