Бүкіл әлемде инсульт алғандар қарасы көбейіп барады
|
Окленд технологиялық университетінің және Уашингтон жоғарғы оқу орнының денсаулық көрсеткіші және денсаулықты бағалау институтының ғалымдары бүкіл әлемде инсульт алғандар санының артқанын анықтады. Бұл жайында islam.kz порталы The Lancet Neurology мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. 1990 жылдан 2021 жылға дейін инсультке шалдыққандар саны 70 пайызға, ал инсульттан қайтыс болғандар қарасы 44 пайызға өскен. 2021 жылы инсульт жүректің ишемиялық ауруы мен COVID-19-дан кейінгі әлемдегі өлім-жітімнің үшінші себебіне айналды. Инсульт ауыртпалығының өсуіне ықпал ететін маңызды факторларға сарапшылар халықтың қартаю процесі мен аталған дерттің алдын алуға болатын қауіп факторлары әсерінің артуын жатқызып отыр. Бұл бағыттағы талдау барысында 1990–2021 жылдарды қамтитын Жаһандық ауыртпалық (GBD) зерттеуінің деректерін пайдаланды. Зерттеушілер дене салмағының жоғары индексі (BMI), қан қысымы, қан құрамындағы қант деңгейі және ауаның ластануы сияқты қауіп факторларының әсерін де ескерді. Артық салмақ пен қан қысымы және ауаның ластануы инсульт алу қатерін арттыратын негізгі факторларға айналған.