|
Босқындар Еуропаның бас ауруына айналды (фото+видео)
|
Венгрия билігін Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадан ағылған босқындар мәселесі мазалап отыр. Босқындар мен тәртіп сақшылары арасындағы қақтығыс та жиілеп кетті.
Осыдан біраз күн бұрын Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан босқындардың Еуропаға нендей мақсатпен ағылғанын өзінше долбарлап, мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, босқындар аталған аймақтардағы қарулы қақтығыстар мен соғыстан қашып келмеген, олар соғысты сылтау етіп, кәрі құрлықтағы жайлы өмірге қызығып келіп отыр. Осылай дей келе ол «жайлы өмірге мүмкіндік беретін түпкілікті құқық болмайды, тек қауіпсіздік пен адам абыройына қатысты құқыққа қана кепілдік беріледі»,- деді. Осылай деген Венгрия премьері босқындарға «келген іздеріңмен кері қайтыңдар» деп кеңес берді. Венгрия премьер-министрінің сөзінің жаны бар. Мәселен, сербтердің Субботица қаласында босқындарға үстіміздегі жылдың қыркүйек айының 8-і күні уақытша лагерді паналау турасында ұсыныс айтылған екен. Алайда, босқындар бас тартып, түпкі мақсаттары Германияға жету екенін жасырмаған. Босқындар қарасының көбеюіне байланысты Венгрия қарулы күштері арнайы әскери жаттығу өткізуге мәжбүр болған еді. Бұған қоса, тікенек сым темірмен шекарасын нықтап жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, осы жылдың бас кезінен бері Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадан Еуропаға ағылған босқындар қарасы 378 мың адамнан асып кеткен. Олардаң дені Германияға ағылған.
Еуропа жұртын Венгриядағы босқындарды жануарларды тамақтандырғандай ғып тамақтандырғаны шошытты
Жасырын камерамен түсірілген Венгриядағы босқындарды тамақтандыру барысы ғаламторға орналастырылыпты. Оны көрген Еуропа жұртшылығы Венгрия билігінің бұл әрекетіне наразылық танытып отыр. Тарқатып айтқанда, күзетшілердің итке сүйек лақтырғандай темір тордың ар жағындағы босқындарға тамақ лақтырғаны жаға ұстатқан. Австриядан Венгрияға босқындарға көмектесу үшін, дәлірегі, «Қызы айшық» қайырымдылық қоғамының тапсырмасымен Реске лагеріне дәрі-дәрмек, киім-кешек, азық-түлік әкелген, өз еркімен келгендер таспаға тартып алған бұл көрініске былай баға берілген: «Босқындарды хайуанаттар бағына қамап тастаған. Мұны тұтқындарды азаптау бойынша әлемге әйгілі Гуантамо түрмесімен салыстыруға болады». Бұл бағаны осы сұмдық көрініске куә болған Клаус Куфнер берді. Реске босқындар лагері Венгрия аумағында, Сербиямен шекара маңында орналасқан. Босқындарға тамақ лақтырған күзетшілер бастарына каска киіп, ауыз-мұрындарын тұмшалап алған. «Босқындарға жасалған адамгершілікке жат әрекет»,- деді осы көріністі таспаға тартып алған Микаэла Шприцендорф тілшілерге берген сұхбатында.