«Боко Харам» лаңкестік тобына қарсы ең тиімді күрес...
|
Негізгі айтпағымызға кіріспес бұрын алдымен аталмыш террористік ұйымның пайда болу тарихына қысқаша тоқтала кетпекпіз. 2014 жылдың мамыр айында Біріккен Ұлттар Ұйымы террористік ұйым ретінде жариялаған лаңкестік топтың ресми атауы – «Жамағат әһлі Сүннет әл-Жиһад» болатын. Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылып жүрген «Боко Харам» атауы (хаусаша Boko haram) хаус тілінен аударғанда «батыс білімі харам» дегенге саяды. Boko[en]«жалған» дейтін ұғымды береді, haram (араб.حَرَام ḥarām) — харам, міне, осы екі сөзден алынған. (Уикипедия электронды дерек көзінен алынған). Аталмыш топ батыстың мәдениеті мен дүниетанымын, білімі мен ғылымын, өмір сүру салтын, құндылықтарын, т.б. мойындамайды. Елде тек Шариғат талаптарының үстемдік еткенін қалайды. Нигерия аумағында пайда болған бұл террористік ұйым тек аталған елге ғана емес, күллі Африка құрлығына қауіп төндіріп тұр. Сондай-ақ, күллі әлемге әйгілі ұйымға айналған. «Боко Харам» мүшелері ел билігін батыстың құйыршығы көріп, кәпір санайды. Шамамен 2002 жылы Мұхаммед Жүсіптің (Юсуф) жетекшілігімен Майдугури қаласында құрылған. Десек те Майдугуриде бұрын да өзге мұсылман ұйымдары болатын: 1995 жылы Әбубәкір Лабан бастаған «Пайғамбар ізін басып, ілімін жалғастырушылар және мигранттар» атты топ болатын. Бұдан бөлек, XX ғасырдың 70-ші жылдары исламды «тазартушы» сәлафшылар да өз алдына жеке топ болатын. «Боко Харам» лаңкестік тобының әр жылдардағы лаңы мен сойқанын тізсеңіз, тұтас бір кітапқа жүк болады. Олардың әрбіреуіне жеке тоқталып жатпаймыз. Тұтас елді-мекендерді өртеп, 3 жыл ішінде 10 мыңға тарта ұл баланы, бірнеше жүздеген оқушы қызға дейін ұрлап, аты шыққан лаңкестік топ әлі күнге ауыздықталған жоқ. Бұған бірнеше себеп бар. Солардың ең бастысы – білімсіздік пен Нигерияның әлеуметтік-экономикалық жағдайының сын көтермейтіндігі. Нигерияда 35 млн гектардан аса ауыл шаруашылығына қолайлы жер болғанымен бұл әлеуетін әлі күнге толық пайдалана алмай келе жатқан соры бес батпан ел. Яғни, қолда барын ұқсата алмай отырған ел. Азық-түлікті сырттан таситыны тағы бар. Қысқасы, азық-түлік қауіпсіздігі де сын көтермейтін ел. Жыл сайын еңбекке жарамды екі млн-нан аса жас нигериялық екі қолға бір күрек таппай сенделеді. Олардың кейбіреуі бұл тығырықтан шығудың жол осы екен деп, қолына қару алып, лаңкестік топқа қосылып жатады. Нигериялық-америкалық кәсіпкер «Оттың жануы үшін оттегі қандай қажет болса, лаңкестерге жұмыссыз жастар сондай қажет»,-дейді. Ол жастардың лаңкестік топтың жетегінде кетуден сақтау үшін Babban Gona («Үлкен ферма») жобасын қолға алған тұлға. Babban Gona әдісінен үлгі алған Америкалық даму банкі ондаған елдің үшеуінде ауыл шаруашылығына қаржы құйып, 1,5 млн жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Алдағы бес жыл ішінде.
Топырақтың құнарлылығын арттыру стратегиясы бойынша әзірленген Babban Gona бағдарламасына сәйкес өсірілген қызанақты нигериялық ферма жұмысшылары жинап жүр. Аталмыш бағдарламаның негізін қалаған Кола Маша 2025 жылға дейін шағын фермалар санын бір миллионға жеткізуді әрі сол арқылы қақтығыс пен жұмыссыздық мәселесін шешуді көздейді.
Фото: Джейсон Эндрю